Қазақстанда 2025-2026 жылдары ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 73 адам табылып, құтқарылды. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде 242 дрон бар, оның 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай ведомство заманауи технологиялардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен адам өмірін сақтаудағы рөлі туралы мәлімет ұсынды.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында жүгері алқабында жоғалып кеткен әйелді құтқарушылар тепловизормен жабдықталған дронның көмегімен бір сағат ішінде тапқан. Ал Алматы облысында ұшқышсыз ұшу аппараты тау шатқалында адасып кеткен он адамды іздеп табуға көмектескен.
ТЖМ мәліметінше, жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған дрондар адамдар мен көлік құралдарын анықтауға, жетуі қиын аумақтарды тексеруге, түнгі уақытта бақылау жүргізуге және іздестіру топтарына нақты координаттарды жіберуге мүмкіндік береді.

2026 жылы ұшқышсыз ұшу аппараттары 4 647 операцияда қолданылған. Сонымен қатар Алматы және Қарағанды облыстарында док-станцияларымен жабдықталған үш автономды кешен жұмыс істеп тұр. Олар алдын ала белгіленген бағыттар бойынша ұшып, жиналған ақпаратты жедел басқару орталықтарына жеткізеді.
Цифрлық технологиялар төтенше жағдайлардың алдын алуға да пайдаланылып жатыр. Орман өрттерін ерте анықтайтын камералар ақпаратты ТЖМ-нің Жағдайлық орталығына жолдайды. Ал мониторинг жүйелері табиғи қауіптерді бақылауға және су тасқыны жағдайын болжауға көмектеседі.
Су айдындарында дауыс зорайтқыштармен жабдықталған дрондар демалушыларға қауіп туралы ескерту жасайды.
Абай облысында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын цифрлық есепке алуға арналған «Тұмар 112» қосымшасы сынақтан өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, ұялы байланыс жоқ таулы аймақтарда адамдардың орналасқан жері туралы деректерді жіберуге мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер әзірленуде.
Министрлік цифрлық технологиялар қауіп-қатерді ерте анықтауға, құтқарушылардың әрекет ету уақытын қысқартуға және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Астанада дрондар құрылыс алаңдарындағы заңбұзушылықтарды анықтап жатқаны хабарланған еді.