«Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (ETIM) – Қазақстанда қызметіне тыйым салынған террористік ұйымдардың бірі. Қытайдың Шыңжаң өңірінде пайда болған қозғалыс кейін халықаралық террористік құрылымдармен байланыс орнатқан. Ұйымның шығу тарихы, қызметі және Қазақстанға қатысты ықтимал қауіптері туралы Elordainfo.kz Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйым қалай пайда болды?
«Шығыс Түркістан ислам қозғалысының» халықаралық атауы – Eastern Turkistan Islamic Movement (ETIM). Ұйымның бастапқы мақсаты Қытай аумағындағы Шыңжаң өңірінде «Шығыс Түркістан» деп аталатын тәуелсіз мемлекет құру болған. Кейін қозғалыс қарулы күрес жолына түсіп, халықаралық террористік құрылымдармен байланыс орнатқан.
Ұйымның негізін Қашғар өңірінен шыққан Хасан Махсум қалаған. Ол 2003 жылғы қазанда Пәкістандағы әскери операция кезінде қаза тапты.
БҰҰ деректерінде ETIM-нің «Аль-Каидамен» байланыс орнатқаны көрсетілген. 2002 жылы ұйым террористік әрекеттерді қаржыландыруға, жоспарлауға және жүзеге асыруға қатысуы, сондай-ақ «Аль-Каидаға» қолдау көрсетуі негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялық тізіміне енгізілді.
Халықаралық құжаттарда ұйымның бірнеше атауы кездеседі. Олардың қатарында «Шығыс Түркістан ислам партиясы» және «Түркістан ислам партиясы» бар. Алайда бұл атаулар әртүрлі елдің құқықтық құжаттарында бірдей қолданылмайды. Сондықтан тарихи ETIM мен кейінгі кезеңдерде осыған ұқсас атаулармен белгілі болған құрылымдарды автоматты түрде бір ұйым деп қарастыруға негіз жоқ.
Ұйымды кімдер басқарды?
Хасан Махсум қаза тапқаннан кейін ұйым басшылығына Абдул Хақ келді.
БҰҰ мәліметінше, ол ұйымға қаржы жинауға, жаңа мүшелер тартуға және оның қызметін кеңейтуге қатысқан. 2005 жылдан бастап «Аль-Каиданың» Шура кеңесінің құрамына кірген.
Абдул Хақ тұсында ұйымның Қытайдан тыс жердегі белсенділігі артты. Халықаралық құжаттарда оның 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы қарсаңында Қытай қалаларында шабуылдар ұйымдастыруға тапсырма бергені көрсетілген.
Кейін ұйым интернет арқылы насихат жүргізуге де көңіл бөлген. БҰҰ деректерінде Абдул Хақтың жақтастарын қарулы қақтығыстарға қатысуға және шабуылдар жасауға үндегені айтылады.
2009 жылы Абдул Хақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялық тізіміне енгізілді. Оған қатысты мәліметтер 2025 жылғы 11 наурызда жаңартылған. Құжатта ол ұйымның жалпы жетекшісі әрі қолбасшысы ретінде көрсетілген.
Алайда оның қазіргі орналасқан жері туралы нақты ақпарат жоқ. БҰҰ құжаттарындағы соңғы географиялық мәліметтердің бірі оның 2016 жылы Ауғанстанда болғанын көрсетеді.
Халықаралық террористік ұйымдармен байланысы
ETIM қызметінің трансұлттық сипат алуына оның сыртқы байланыстары ықпал еткен.
БҰҰ мәліметтерінде ұйым мүшелерінің Ауғанстандағы радикалды ортада даярлықтан өткені, сондай-ақ «Аль-Каидамен» қаржылық және ұйымдастырушылық байланыстары болғаны көрсетіледі.
Ұйымның бір кезеңде Усама бен Ладен мен «Аль-Каидадан» қолдау алғаны туралы да деректер бар. Сонымен қатар оның қаржысының бір бөлігі ұйымдасқан қылмыстық әрекеттерден түскені айтылған.
Осылайша, бастапқыда Шыңжаң өңірінде пайда болған қозғалыстың байланыстары уақыт өте бірнеше мемлекетке тараған.
Қазақстанға қандай қауіп төндіруі мүмкін?
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2026 жылғы санкциялық тізімінде ETIM әлі де QDe.088 нөмірімен көрсетілген. Ұйымның әрекет ету кеңістігі ретінде Қытай, Оңтүстік және Орталық Азия аталады.
Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ең алдымен географиялық орналасуымен байланысты. Еліміз Қытаймен шектеседі, ал Шыңжаң өңірі Қазақстан шекарасына жақын орналасқан.
БҰҰ-ның тарихи деректеріне сәйкес, ETIM кезінде содырларды Қытайға заңсыз жеткізу үшін Қазақстан мен Қырғызстанды ықтимал транзиттік бағыт ретінде қарастырған.
Алайда бұл дерек ұйымның қазіргі уақытта Қазақстан аумағы арқылы әрекет етіп жатқанын білдірмейді. Ашық ресми ақпаратта елімізде ETIM-нің тұрақты қарулы құрылымы бар екені расталмаған.
Соған қарамастан, ұйымның бұрынғы қызметі мен халықаралық байланыстарын ескере отырып, бірнеше ықтимал қауіпке назар аударуға болады.
Олардың қатарында ел аумағын транзиттік бағыт ретінде пайдалануға ұмтылу, интернет арқылы радикалды насихат тарату, азаматтарды шетелдегі террористік құрылымдарға тарту және қаржылық қолдау арналарын қалыптастыру қаупі бар.
Бұл – ықтимал тәуекелдер. Оларды ұйымның дәл қазір Қазақстанда осындай әрекеттерді жүзеге асырып жатқаны туралы расталған дерек ретінде қабылдауға болмайды.
Қауіптің алдын алу неге маңызды?
Қазіргі кезде террористік ұйымдардың қызметі тек белгілі бір аумақпен шектелмейді. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеяларды тарату, адамдарды тарту және шетелдегі құрылымдармен байланыс орнату мүмкіндігі артқан.
Сондықтан терроризмнің алдын алу шаралары шекара қауіпсіздігімен ғана шектелмей, ақпараттық кеңістіктегі қатерлерді анықтауды да қамтуы қажет.
Бұл ретте маңызды бір жайтты ескеру керек: ETIM тарихындағы жекелеген жетекшілердің ұйғыр ұлтынан болуы олардың әрекетін тұтас ұйғыр халқымен байланыстыруға негіз бола алмайды. Терроризм ұлтпен емес, нақты қылмыстық әрекеттермен және зорлық-зомбылықты насихаттайтын идеологиямен сипатталады.
Қазақстанда «Шығыс Түркістан ислам қозғалысының» қызметіне тыйым салынған. Ұйымға қатысты халықаралық санкциялар да күшінде.
Мамандар үшін негізгі міндет – ықтимал қауіптерді әсірелемей, нақты деректер негізінде бағалау және олардың алдын алу.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда экстремистік топқа қатысы бар деген күдікпен 10 адамның ұсталғаны хабарланған еді.