Бүгін, 10 қарашада Қазақстанда Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл – еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және ақпараттық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Аталған мереке Қазақстанда 2022 жылы Үкімет қаулысымен бекітілді. Оны енгізуге сол кездегі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамашы болды.
Бұған дейін ақпараттандыру саласы мамандарының кәсіби мерекесі байланыс қызметкерлерімен бірге 17 мамырда аталып өтетін. Кейін 10 қараша Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні болып белгіленіп, 17 мамырдағы мереке Байланыс қызметкерлері күні деп өзгертілді.
Бүгінде цифрлық технологиялар мемлекеттік қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, бизнес және басқа да салаларда кеңінен қолданылып келеді. Бұл өзгерістерді жүзеге асыруда бағдарламашылардың, IT-инженерлердің, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да цифрлық технологиялар мамандарының еңбегі зор.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған байланысты елде цифрлық шешімдерді дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Бұған дейін цифрлық дәуірде Қазақстанның ресми статистикасы қолжетімді бола түскенін жазған едік.