Елордалық параспортшы боччадан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Бүгін, 09:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық параспортшы боччадан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды
Фото: Қазақстан бочча федерациясы

Бразилияның Сан-Паулу қаласында боччадан әлем кубогы өтіп жатыр. Дүбірлі додаға әлемнің 24 елінен үздік спортшылар қатысуда. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен астаналық Итиана Шингисханова жекелей сында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Елордалық параспортшы BC2 санатында бақ сынап, жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсетіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Халықаралық додада Қазақстан намысын үш спортшы қорғауда. Олар: Қуаныш Асқарбеков (BC1 санаты, Жетісу облысы), Итиана Шингисханова (BC2 санаты, Астана қаласы) және Азамат Аманша (BC2 санаты, Маңғыстау облысы).

Жекелей жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды. Қуаныш Асқарбеков тарихи алтын медальға қол жеткізсе, Итиана Шингисханова ел қоржынына күміс жүлде салды.

Қазіргі уақытта қазақстандық параспортшылар командалық жарыстарда өнер көрсетіп, тағы сегіз елдің өкілдерімен жүлделі орындар үшін сынға түсуде.

Айта кетейік, бочча – жоғары дәлдікті, зейін мен тактикалық ойлауды талап ететін паралимпиадалық спорт түрі. Елордалық спортшының халықаралық аренадағы жетістігі Астанада параспорттың дамып келе жатқанын көрсетеді.

Еске салсақ, астаналық каратэшілер Қазақстан чемпионатында жеті медаль жеңіп алды.