Күнделікті тұрмыста қолданылатын кейбір зат кәріз құбырларының бітелуіне және тазарту жабдықтарының істен шығуына себеп болуы мүмкін. «Астана су арнасы» кәсіпорнының өкілдері Elordainfo.kz тілшісіне кәріз жүйесіне қандай қалдықтарды тастауға болмайтынын түсіндірді.
Кәсіпорын мамандарының мәліметінше, унитазға дымқыл майлықтарды, жөргектерді, полиэтилен пакеттерін, мақта таяқшалары мен дискілерін, шүберектерді және басқа да жеке гигиена құралдарын тастауға болмайды.
Сондай-ақ асүйдегі раковинаға тамақ қалдықтарын, тағамдық және өсімдік майын төгуге кеңес берілмейді.
Мұндай қалдықтар құбырдың бітелуіне, кәріз сорғылары мен тазарту жабдықтарының жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда технологиялық процестердің тоқтап қалу қаупі де бар.
Бұдан бөлек, дәрілік препараттар мен тұрмыстық химия құралдарын кәріз арқылы төгуге болмайды.
Қалдықтарды қайда тастау керек?
Мамандар дымқыл майлықтарды, мақта таяқшаларын, жөргектерді және басқа да жеке гигиена құралдарын тұрмыстық қоқыс контейнеріне тастауды ұсынады.
Ал пайдаланылған тағамдық майларды бөлек жинап, белгіленген талаптарға сәйкес кәдеге жарату қажет. Дәрілік препараттар мен тұрмыстық химия қалдықтарын арнайы қабылдау орындарына тапсыру немесе оларды кәдеге жаратудың белгіленген тәсілдерін қолдану ұсынылады.
«Астана су арнасы» тұрғындарды кәріз жүйесін тұрмыстық қалдықтарды жою құралы ретінде пайдаланбауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада бірқатар сумен жабдықтау нысаны салынып жатқаны хабарланған еді.