Астананың Байқоңыр ауданындағы №1 автобус паркінде «Әділет» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда елордадағы жолдардың сапасы, аялдамаларды жаңарту және қоғамдық көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы, партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидат Мағжан Қыстаубаев, Байқоңыр ауданындағы №7 сайлау округі бойынша кандидат Жанар Ізімбетова, сондай-ақ партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Мәди Өмірзақов пен Ляззат Разбекова қатысты.

Мағжан Қыстаубаев жол сапасы мен қоғамдық көлік инфрақұрылымы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жолдарды жөндеумен қатар, атқарылған жұмыстардың сапасын бақылау, аялдамаларды жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау да маңызды.

«Жолдарды жөндеу, олардың сапасын бақылау, аялдамаларды жайлы ету – бағдарламамызда белгіленген нақты міндеттер. Күнделікті тіршілікте қарапайым көрінгенімен, мұның барлығы тұрғындар үшін өте маңызды. Үлкен мәселелер нақты қадамдар арқылы шешіледі. Бұл бағыттағы жұмысты сіздермен бірлесе отырып жүзеге асыра аламыз», – деді Мағжан Қыстаубаев.

Партияның Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасында 360 шақырым қала көшесін жөндеу, 90 шақырым жаңа көше салу, сондай-ақ 156 қоғамдық көлік аялдамасын абаттандыру және реконструкциялау көзделген. Аталған бастамалар көлік инфрақұрылымын жақсартып, қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды мақсат етеді.
Жанар Ізімбетова қаланың өзекті мәселелерін шешуде тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, халықтың ұсыныс-пікірін ескеріп, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету – депутат жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
«Тұрғындар өз ауданының мәселелерін жақсы біледі. Депутат сол мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланысты қамтамасыз етуі керек. Нәтижеге жету үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері менің сайлауалды бағдарламамда да қамтылған», – деді Жанар Ізімбетова.

Ал Мәди Өмірзақов жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, отансүйгіштік тек сөзбен емес, нақты іспен және күнделікті әрекетпен көрінуі тиіс.
«Мен үшін отансүйгіштік – еліңді жақсы көретініңді айтып қана қою емес, нақты әрекет ету. Сайлауға қатысу – сондай қадамдардың бірі. Ал ортақ кеңістікке ұқыпты қарау – күнделікті жауапкершілік. Жолдар, ауруханалар мен балалар алаңдары келесі ұрпаққа қандай күйде қалатыны әрқайсымызға байланысты», – деді Мәди Өмірзақов.

Кездесу қорытындысында қала инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру және ортақ мүлікті сақтау мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар қолайлы қала қалыптастыру үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, оған деген ортақ жауапкершілікті де арттыру қажеттігін жеткізді.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.