Құрылыс материалдарының 73 пайызы отандық өнім – министр

Құрылыс материалдарының 73 пайызы отандық өнім – министр
Фото: gov.kz

Қазақстанда құрылыс материалдарының 73 пайызы отандық кәсіпорындарда өндіріледі. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде цемент, бетон, темірбетон және гипсокартонға деген ішкі сұраныс толық қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар нарықта сұранысқа ие құрылыс материалдарын шығаратын жаңа өндіріс орындары ашылуда.

«Мысалы, испандық Roca компаниясы Қызылорда облысында санитарлық керамика өндіретін зауыт салуда. Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай зауыт. Қарағандыда клинкер плиткасын өндіретін QAZCLINKER, жылу материалдарын шығаратын «ТехноНИКОЛЬ» жобалары жүзеге асырылуда. Жалпы, биыл салада 45 жоба іске қосылады», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның сөзінше, жаңа өндіріс орындарының ашылуы отандық құрылыс материалдарының үлесін арттыруға бағытталған.

Министр алдағы жылдары елімізде өндірілетін құрылыс материалдарының үлесін 80%-дан асыру жоспарланып отырғанын айтты.

Бұған дейін «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылатыны хабарланған еді.