Қазақстан Израильге 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын жеткізуге дайын. Бұл туралы Иерусалимде өткен Қазақстан-Израиль үкіметаралық комиссиясының оныншы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейту және агроөнеркәсіп саласына озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев Қазақстанның астық экспорты саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Израиль нарығының сұранысы мен қажеттілігін ескере отырып, 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға дайынбыз», – деді Самат Теңбаев.
Қазіргі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайды. Биылғы мол астық өнімі шетелге жеткізілім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Министрліктің мәліметінше, Израиль жыл сайын 2 млн тоннадан астам бидай сатып алады. Сондай-ақ бұл елде майлы дақылдарға, арпа мен жүгеріге сұраныс бар.
Қазақстандық астықты Израильге жеткізу үшін Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін көлік дәлізін, сондай-ақ Балтық теңізі порттары арқылы тасымалдаудың балама бағыттарын пайдалану ұсынылды.
Бұдан бөлек, тараптар ауыл шаруашылығында озық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, суды үнемдейтін суару жүйелерін енгізу, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану, өндірісті цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне назар аударылды.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Израильдің осы бағыттағы тәжірибесін отандық агроөнеркәсіп кешеніне бейімдеуге мүдделі.
Бұған дейін Қазақстан 2,3 млн тоннаға жуық биылғы астықты экспорттағаны хабарланған еді.