Шаруаларға жеңілдетілген лизингке 350 млрд теңге бөлінді

Шаруаларға жеңілдетілген лизингке 350 млрд теңге бөлінді
Фото: pexels.com

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі биыл 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бағдарлама аясында шаруалар жаңа техниканы жылдық 5 пайызбен, жеті жылға дейінгі мерзімге ала алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, бастапқы жарна техника құнының 10 пайызынан басталады. Бұл шаруаларға қомақты қаражатты бірден жұмсамай, техника паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген лизингті негізінен шағын және орта шаруашылықтар пайдаланып отыр. Өткен жылы бағдарламаға қатысушылардың 98,1 пайызы шағын, 1,8 пайызы орта бизнес өкілдері болды. Ал ірі кәсіпорындардың үлесі 0,1 пайызды құрады.

Бағдарламаны қаржыландыру көлемі соңғы жылдары айтарлықтай артқан. 2024 жылы бұл мақсатқа 120 млрд теңге бөлініп, 3,9 мың шаруашылық 4,3 мың техника сатып алды. Ал 2025 жылы қаржыландыру 250 млрд теңгеге жетіп, 4,4 мыңнан астам шаруашылық 9 мың техникамен толықты.

2026 жылы бөлінген қаржы көлемі 350 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері 8,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жалпы сомасы 294 млрд теңгені құрайтын лизинг шарттары жасалған. Соның нәтижесінде шаруалар 9,3 мыңнан астам жаңа техника алады.

Осылайша, 2024 жылмен салыстырғанда бағдарламаны қаржыландыру көлемі үш есеге жуық ұлғайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, техниканы жаңарту егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, жанар-жағармай мен техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтуға ықпал етеді.

Министрлік алдағы уақытта да шаруалардың жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қазақстан ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға басымдық беріп отырғаны хабарланған еді.