Астанада халықаралық STEM олимпиадасының республикалық кезеңі өтеді

Астанада халықаралық STEM олимпиадасының республикалық кезеңі өтеді
Фото: Нұркен Мерғалиев

14 қарашада Астана қаласындағы № 103 «Жайлы мектеп» орта мектебінде «STEM олимпиадасы – мектеп оқушыларына арналған инженерлік-технологиялық жарыс» атты олимпиаданың республикалық кезеңі өтеді. Оған барлық өңірден 8–11-сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.

Олимпиада инженерия, бағдарламалау, 3D-модельдеу және робототехника салаларындағы тәжірибелік дағдыларды дамытуға бағытталған. Қатысушылар алған білімдерін техникалық міндеттерді шешуге қолданып, командалық сайыста өз жобасын таныстырады.

Олимпиада тапсырмасының бірі суды үнемдеуге арналған. Бұл тапсырма оқушыларға инженерлік шешімдер мен цифрлық технологиялардың су шығынын бақылауға және аса маңызды табиғи ресурс – суды сақтауға қалай көмектесетінін түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл тақырып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтармен үндеседі. Олардың қатарында - су ысырабын азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын цифрлық есепке алу. Олимпиада жастардың осы міндеттердің маңызын тәжірибелік жұмыс арқылы ұғынуына ықпал етіп, мектеп жасынан бастап суға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады.

Екі-үш адамнан құралған командалар инженерия, 3D-модельдеу, бағдарламалау, робототехника және «Роботтар шайқасы» бағыттары бойынша жарысады. Арнайы регламентке сәйкес, колледж студенттері тек «Роботтар шайқасы» бағытына қатыса алады.

Жарысқа 6 қарашада сағат 18:00-ге дейін командалар Google Forms сілтемесі арқылы тіркеледі.

7 қарашада сағат 14:00-ден 15:30-ға дейін қатысушылар онлайн сілтеме арқылы үй тапсырмасын орындайды.

10 қарашада үй тапсырмасын сәтті орындаған үздік командаларға электронды пошта арқылы шақыру жіберіледі.

21–22 қараша – халықаралық кезең өтеді. Оған республикалық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысады. 

Еске слаа кетсек, таяуда Астанада STEM олимпиадасының қалалық кезеңі өтті.