Астананың 600 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданады

Бүгін, 18:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астананың 600 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі «Спортты өңір» атты жаңа апталық айдарды бастады. Бұл айдарда өңірлердегі бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт инфрақұрылымы мен спортшылардың жетістіктері туралы ақпарат жарияланады. Сондай-ақ ата-аналарға балалары үшін спорт үйірмелерін таңдауға көмектесетін пайдалы мәліметтер ұсынылады. Жобаның алғашқы шығарылымы Астана қаласына арналады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгінде елордада 600 мыңнан астам адам немесе қала тұрғындарының 43,6%-ы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Негізгі басымдықтардың бірі – тұрғындарға, әсіресе балалар мен жастарға үйіне жақын жерде спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау.

2026 жылдың жазғы маусымында Астанада 45 мыңға жуық тұрғынды қамтыған бес тегін әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Өзіңнен баста» жобасына 13,5 мың, Aula Fit бағдарламасына 6,8 мың, ашық аспан астындағы йога сабақтарына 11,6 мың, скандинавиялық жүріске 7,6 мың және Street Workout жаттығуларына 5,5 мың адам қатысты. Сонымен қатар ASTANA SPORT POWER FEST фестивалінің екінші маусымына 2 мыңға жуық адам жиналды.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Елордада 7 мыңнан астам бала мен жасөспірім жаттығатын 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда спорттың 51 түрі бойынша дайындық жүргізіледі. Оның 39-ы Олимпиада бағдарламасына енген.

Жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау мақсатында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 19 ұйым жұмыс істейді. Оларда 10 мыңға жуық спортшы жаттығады. Бейімделген спортты дамыту да назардан тыс қалған жоқ. «Елорда» клубында 45 жаттықтырушы 632 спортшыны спорттың 33 түрі бойынша дайындайды.

Бұқаралық спорттың дамуы мен спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру спортшылардың нәтижелеріне де оң әсерін тигізіп келеді. Мәселен, 2026 жылдың тоғыз айында елордалық спортшылар 1 472 жарысқа қатысып, 5 696 медаль жеңіп алды. Оның 2 149-ы – алтын. Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен өткен Азия және әлем чемпионаттарында астаналық спортшылар 46 жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ елордалық параспортшылар аталған жарыстарда тағы 46 медаль иеленді.

Қазіргі уақытта Астанада 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 36 ірі спорт кешені бар. Жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстары мемлекеттік және жеке инвестициялар есебінен жүргізіледі.

Спортшыларды даярлауда медициналық қолдаудың да маңызы зор. Елордалық Спорттық медицина орталығы жыл сайын 7 мыңға жуық спортшыға қызмет көрсетеді. 2026 жылдың басынан бері орталық мамандары оңалту мәселелері бойынша 200-ден астам кеңес беріп, 2 мыңнан астам қалпына келтіру емшарасын жүргізді.

Астана тәжірибесі спортты дамыту ең алдымен әр тұрғынға қолжетімді жағдай жасаудан басталатынын көрсетеді. Тегін жаттығулар мен балаларға арналған спорт үйірмелерінен бастап, заманауи спорт нысандарын салу мен кәсіби спортшыларды қолдауға дейінгі кешенді жұмыстар саламатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ спорттық жетістіктерге берік негіз қалайды.

Еске сала кетейік, елордалық гимнасшылар Қазақстан чемпионаты мен ел кубогында 23 медаль жеңіп алды.