Астанада STEM олимпиадасының қалалық кезеңі өтті

Астанада STEM олимпиадасының қалалық кезеңі өтті
Фото: Нұркен Мерғалиев

Елордада мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «STEM-олимпиада – мектеп оқушыларына арналған инженерлік-технологиялық жарыстың» қалалық кезеңі өтті. Биыл дәстүрлі білім сайысы оныншы рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. ​

Жарысқа қатысушылар инженерия, бағдарламалау, үш өлшемді модельдеу және робототехника бағыттары бойынша білімі мен практикалық дағдыын сынады.

Haileybury Astana мектебінде өткен олимпиадаға 8–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Astana Innovations» басқарма төрағасының орынбасары Дархан Айкенов STEM бағыттарының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ғылым, технология, инженерия және математика салаларына қызығушылық жыл сайын артып келеді.

«Бүгінде STEM формулалар жиынтығы ғана емес, бұл – ойлау тәсілі. Мәселені көре білу, сұрақ қою, болжамдарды тексеру және шешім табу дағдысы медицинадан бастап көлік саласы мен қалалық басқаруға дейінгі барлық бағытта қажет. Елорда үшін бұл ерекше маңызды. Өйткені қаланың инновациялық экожүйесі ғылымға, робототехникаға және жаңа жобаларға қызығатын жас таланттардан басталады. Олимпиада – маңызды кезең, бірақ соңғы меже емес. Біз оқушының олимпиада тапсырмасын орындаумен шектелмей, өз идеясын адамдарға және қаламызға пайда әкелетін нақты жобаға айналдырғанын қалаймыз», – деді Дархан Айкенов.

Ал Haileybury Astana мектебінің директоры Джон Коулз STEM бағытының ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Білім саласында 30 жылға жуық еңбек еткен, Қазақстанда тоғыз жылдан бері тұрып жатқан ол жастардың ізденімпаздығы мен кәсіпкерлікке деген ынтасын жоғары бағалады.

«STEM білімі сіздерге жетекші жоғары оқу орындарына түсуге және болашақта сұранысқа ие мамандықтарды игеруге жол ашады. Жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқан кезеңде ғылымға негізделген білім мен ізденімпаз ойлау ерекше маңызды. Ешқашан мойымаңыздар, алға ұмтылыңыздар. Мүмкіндіктеріңіз зор», – деді Джон Коулз.

«STEM Academia» директоры Залқарбек Мұраталиұлы биылғы олимпиаданың ұйымдастырылып келе жатқанына он жыл толғанын жеткізді. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде жарыс оқушылардың инженерлік-технологиялық қабілетін шыңдайтын дәстүрлі алаңға айналған.

«Бүгінгі олимпиада республикалық және халықаралық кезеңдерге бастайтын алғашқы баспалдақ. 14 қарашада республикалық кезең өтеді. Онда қалалық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар еліміздің өзге өңірлерінен келген қатысушылармен бірге бақ сынайды. Ал 21–22 қарашада халықаралық олимпиада ұйымдастырылады. Оған шамамен он елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұл Қазақстанда STEM бағытының қалай дамып жатқанын халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік», – деді Залқарбек Мұраталиұлы.

Айта кетейік, STEM білім беру жүйесі ғылым, технология, инженерия және математиканы өзара байланыстыра оқытуға негізделген. Мұндай тәсіл оқушылардың теориялық білімін тәжірибеде қолдануына, техникалық сауаттылығы мен шығармашылық қабілетін дамытуына ықпал етеді. Ал осындай олимпиадалар жас буынның тың идеяларын анықтап, оларды болашақ инженерлік және технологиялық жобаларға жетелейді.