Астананың барлық алты ауданында тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Мамандар үйлерді аралап, жылыту жүйелері мен электр сымдарының жай-күйін тексеруде, газ бен түтінді анықтайтын датчиктер орнатып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдай департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Ербағлан Полатовтың айтуынша, қалада 25 мыңға жуық жеке үй бар. ТЖД есебінде әлеуметтік осал санатқа жататын 695 отбасы тіркелген.
Бұл санаттағы барлық үйді аралау жұмысы толық қамтылды. 235 үйге иіс газы мен табиғи газ сенсорлары, сондай-ақ түтін хабарлағыштары орнатылды. 43 үйдің мұржасы тазартылды. Сонымен қатар мамандар жылыту жүйесі мен электр сымдарының жай-күйін тексеріп, бұрын орнатылған автономды өрт хабарлағышының қуат элементін ауыстырды.
«Департамент есебінде барак үлгісіндегі 860 үй мен жатақхана да бар. 15 қыркүйектен бастап полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, АРЭК, «ҚазахГаз Аймақ» өкілдері мен волонтерлер профилактикалық аралу жүргізді. Жылыту маусымы аясында 500-ге жуық қызметкер екі ауқымды рейд ұйымдастыры. Жалпы профилактикалық жұмыс 4 191 үйді қамтыды. Тұрғындарды қамту көрсеткіші 20 мың адамнан асты», – дейді Ербағлан Полатов.
Астана қаласының ТЖД тұрғындарды үйлерін қысқы кезеңге дайындауға жауапкершілікпен қарап, өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын сақтауға шақырады:
• жылыту маусымы басталғанға дейін жылыту құрылғысы мен мұржаның жарамдылығын тексеру;
• мұржаны күйеден үнемі тазалап отыру;
• электр құрылғысы мен пешті қосулы күйде қараусыз қалдырмау;
• қолдан жасалған немесе ақауы бар жылыту құрылғысын пайдаланбау;
• бір розеткаға бірнеше қуатты электр құрылғысын қатар қоспай, электр желісіне шамадан тыс күш түсірмеу.
«Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударып, оларды қараусыз қалдырмау қажет. Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу керек. Елорданың тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Балалардың қауіпсіздігі мен әр үйдің жылуы – ортақ жауапкершілік», – деп ескертті спикер.
Еске салсақ, төтеншеліктер күн суыта бастаған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға ерекше мән беру қажет екенін еске салды.