Астанада есірткіге қатысты интернет-ресурстарды анықтайтын жүйе таныстырылды

Астанада есірткіге қатысты интернет-ресурстарды анықтайтын жүйе таныстырылды
Фото: Астана әкімдігі

Астанада жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа жүйе бір апта ішінде есірткіге қатысты 421 интернет-материалды анықтады. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен өткен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиында есірткі саудасының интернетке көшуі, заңсыз контентті анықтау және жастар арасындағы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында отандық әзірлеушілер есірткіге қатысты интернет-ресурстарды анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесін таныстырды. Бағдарлама интернет кеңістігін автоматты түрде бақылап, күмәнді материалдарды анықтайды, олардың мазмұнын талдайды және бұғаттауға жіберу үшін қажетті деректерді жинақтайды.

Жүйе құқық бұзушылық белгілерін анықтап, оларға құқықтық баға берудің ықтимал нұсқасын ұсынады. Ал ақпаратты тексеру және ресурстарды бұғаттауға жолдау туралы шешім қабылдау мамандардың құзырында қалады.

Әзірлеушілердің айтуынша, бағдарлама ашық жарияланымдармен қатар интернеттегі түрлі қауымдастықтарды, боттар мен жабық платформаларды да талдай алады. Сондай-ақ заңсыз нарықтағы белсенділік пен оның өзгеру үрдістері туралы аналитикалық мәліметтер қалыптастырады.

Таныстырылым кезінде жүйенің Астана бойынша мониторинг нәтижелері көрсетілді. Бір тәулікте есірткіге қатысты 79 материал, бір аптада 421, ал бір айда 2 мыңнан астам материал анықталған. Аталған материалдар таныстырылым сәтінде әлі бұғатталмаған.

Жиында нашақорлықтың алдын алуға бөлінетін қаражаттың тиімділігі де сөз болды. Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы профилактикалық жұмыстардың формалды сипат алмауы, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттерге түсінікті әрі қызықты форматта жүргізілуі маңызды екенін атап өтті.

Полиция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 884 құқық бұзушылық тіркелген. Тыйым салынған заттарды сатуға күдікті адамдарға қатысты 359 қылмыстық іс қозғалған. Оның 10 жағдайында кәмелетке толмағандар күдікке ілінген.

Отырыс қорытындысында есірткіге қатысты интернет-ресурстарды анықтауда цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану және жастар арасындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.