2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда бетон жаймасын өндіру, сынау және қолдануға қатысты жаңа ұлттық стандарт күшіне енеді. Құжат су арналары, еңістер және гидротехникалық құрылыстарды нығайтуға арналған материалдың сапасына бірыңғай талаптар белгілейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, «Бетонды жаймалар. Техникалық шарттар» атты ҚР СТ 4051-2026 ұлттық стандарты Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген.
Құжатты «Kazakh Industrial Stroi» ЖШС-нің өтінімі бойынша Қазақстан стандарттау және метрология институты әзірлеген. Негізгі мақсат – отандық өндірушілерді қолдау және бетон жаймасының сапасына қойылатын талаптарды біріздендіру.
Бетон жаймасы дегеніміз не?
Бетон жаймасы – құрғақ цемент қоспасы негізінде жасалатын геосинтетикалық композициялық материал. Су тигеннен кейін ол қатайып, беріктікке ие болады.
Материал су шаруашылығы нысандарын салу, жөндеу және қалпына келтіру кезінде пайдаланылады. Атап айтқанда, ол су бұру арналары мен еңістерді нығайтуға, ирригациялық және мелиорациялық құрылыстарды, жасанды су айдындары мен бетон науаларды жасауға қолданылады.
Алайда жаңа стандарт жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен уақытша жолдарды салуға арналған материалдарға қолданылмайды.
Жаңа стандарт қандай талаптар қояды?
Құжатта бетон жаймасының беріктігі мен төзімділігіне қатысты негізгі көрсеткіштер белгіленген.
Олардың қатарында материалдың иілуге, созылуға және тесілуге төзімділігі, цемент қоспасының сығылу кезіндегі беріктігі, су өткізбейтіндігі, аязға төзімділігі және су сіңіргіштігі бар.
Сонымен қатар өнімді қабылдау және сынақтан өткізу тәртібі нақтыланған.
Жаңа талаптарға сәйкес, әрбір өнім партиясы сапасын растайтын құжатпен бірге жеткізілуі тиіс. Онда өндіруші туралы ақпарат, партияның сипаттамалары, қаптамалар саны және жүргізілген сынақтардың нәтижелері көрсетіледі.
Министрлік мәліметінше, бірыңғай стандарт өндірушілерге өнім сапасын жүйелі бақылауға, ал тапсырыс берушілерге материалдың техникалық сипаттамаларын бағалауға мүмкіндік береді.
Бұл отандық өндірісті дамытуға және қазақстандық құрылыс материалдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Бұған дейін Қазақстан су үнемдеу технологиясы қолданылатын алқапты 1,3 млн гектарға жеткізетіні хабарланған еді.