Қытай астанасы Бейжіңде Республика күніне орай тоғызқұмалақтан турнир мен шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Жарыста 13 жастағы қазақстандық жасөспірім жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты іс-шара Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында өтті. Оны Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен аталған орталық, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Қазақстанның Тоғызқұмалақ спорты федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға дипломаттар, студенттер, білім және өнер саласының өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты. Шеберлік сабағында 50-ге жуық адам тоғызқұмалақтың тарихы мен ережелерімен танысып, қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын ойнап көрді.
Ал турнирде 32 қатысушы бақ сынады. Олардың екеуі Қазақстан азаматы болды. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды 13 жастағы қазақстандық жасөспірім иеленді. Екінші және үшінші орындарды Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қытайлық студенттері жеңіп алды.

Жүлдегерлерге Қазақстанның Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар іс-шара аясында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы мен Қазақстанның Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат тоғызқұмалақты Қытайда кеңінен насихаттауды, сондай-ақ мәдени, білім беру және спорттық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруды көздейді.