Беларусь астанасы Минскіде өтіп жатқан «Мәдениет феномені ретіндегі кітапхана» атты XIII халықаралық конгресте қазақстандық мамандар кітапхана ісін цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және тарихи қолжазбаларды сақтау бағытындағы тәжірибелерін таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл «Әйелдің мәдениеттегі рөлі» тақырыбына арналған халықаралық жиынға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Болгария, Үндістан, Индонезия, Қытай, Қырғызстан және басқа да елдерден 450-ге жуық өкіл қатысып жатыр. Конгреске барлығы 19 мемлекеттен мамандар жиналған.
Қазақстан делегациясының құрамында Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова, Ұлттық кітапхана директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Нұрия Искалиева және Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының міндетін атқарушы Әнуар Жанабаев бар.
Конгресс барысында қазақстандық мамандар кітапханаларды цифрландыру, оқырман мәдениетін дамыту және ұлттық жазба мұраны сақтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, Нұрия Искалиева библиографиялық қызметте жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктерін таныстырды. Ол каталог жасауды автоматтандыру, ақпарат іздеу жүйелерін жетілдіру және WEB-RABIS бағдарламалық кешені негізінде цифрлық жүйелерді өзара ықпалдастыру мәселелерін баяндады.
Ал Әнуар Жанабаев Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының тарихи қолжазбалар мен сирек басылымдарды зерттеу, сақтау және цифрлық форматқа көшіру бағытындағы жұмыстары туралы мәлімет берді.
Халықаралық конгресс аясында түрлі елдің өкілдері кітапхана қызметіне заманауи технологияларды енгізу, мәдени мұраны сақтау және ақпараттық ресурстардың қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасып жатыр.
Бұған дейін еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры 142 млн данаға жеткенін жазған едік.