31 қазанда Қазақстанның емханалары мен онкологиялық орталықтарында «Қызғылт қазан» науқаны аясында Бірыңғай ашық есік күні өтеді. Әйелдер онколог-маммологтың тегін кеңесін алып, сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тексерулерден өте алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, қабылдау сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Тексерулердің нақты тізімін, қабылдау уақытын және алдын ала жазылу қажеттігін өзіңіз тіркелген медициналық ұйымнан анықтап алған жөн.
Сүт безі обыры Қазақстандағы әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру болып отыр. 2025 жылы елімізде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, ауруды ерте анықтау емдеуді уақтылы бастауға және оның нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға арналған ұлттық скрининг бағдарламасы 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2008-2025 жылдар аралығында скрининг нәтижесінде 19 018 әйелден қатерлі ісік анықталған. Оның 8 139-ы – бірінші, 9 047-сі екінші сатыда тіркелген.
Скринингтің басты артықшылығы – аурудың белгілері байқалмай тұрып, сүт безіндегі күмәнді өзгерістерді анықтау мүмкіндігі.
Мәселен, скрининг барысында үшінші және төртінші сатыларда анықталған сүт безі обыры жағдайлары 2011 жылғы 66-дан 2025 жылы 16-ға дейін азайған. Бұл көрсеткіш тек скрининг бағдарламасы аясында анықталған жағдайларға қатысты.
Скринингтен кімдер өте алады?
Қазақстанда 40 жастан бастап 76 жасты қоса алғандағы әйелдер екі жылда бір рет тегін маммографиялық скринингтен өте алады.
Тексеру сүт безінің қатерлі ісігі бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын әйелдерге арналған. Ол тіркелген жері бойынша емханада жүргізіледі.
Скринингтің негізгі әдісі – маммография. Бұл зерттеу сүт безі тіндеріндегі өзгерістерді аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.
Қандай белгілер байқалса, дәрігерге қаралу қажет?
Мамандар сүт безінде қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда жоспарлы скринингті немесе ашық есік күнін күтпеуге кеңес береді.
Атап айтқанда, мынадай белгілерге назар аудару қажет:
– сүт безінде немесе қолтық астында түйіннің пайда болуы;
– сүт безінің пішіні мен көлемінің өзгеруі, ісінуі немесе бұрын болмаған асимметрия;
– бала емізу кезеңінен тыс уақытта емізік ұшынан бөлінді, әсіресе қан аралас бөлінді шығуы;
– емізік ұшының немесе сүт безі терісінің ішке тартылуы;
– сүт безі терісінің қызаруы, қалыңдауы, қабыршақтануы немесе ойықтардың пайда болуы.
Мұндай өзгерістер міндетті түрде қатерлі ісіктің белгісі деген сөз емес. Дегенмен олардың себебін анықтау үшін дәрігерге қаралу маңызды.
Былтыр 8 мыңнан астам әйел тексерілген
Қазақстанда «Қызғылт қазан» науқаны 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – әйелдердің сүт безі обыры туралы хабардарлығын арттыру және ерте диагностиканың маңызын түсіндіру.
2025 жылы науқан аясында 8 400-ден астам әйел тексеруден өткен. Нәтижесінде 3 337 әйелден сүт бездерінің әртүрлі патологиясы анықталып, оның ішінде 144 сүт безі обыры жағдайы тіркелген.
Науқан барысында емханалар мен онкологиялық орталықтарда дәрігерлердің консультациялары, ақпараттық кездесулер және көшпелі тексерулер ұйымдастырылады. Әсіресе, ауылдық және шалғай елдімекендерде тұратын әйелдерге ерекше назар аударылады.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты әйелдерге өзін сау сезінген жағдайда да белгіленген мерзімде скринингтен өтіп тұру қажеттігін ескертеді.
Еске салайық, Бірыңғай ашық есік күні 31 қазанда сағат 09:00-13:00 аралығында өтеді. Қатысу тәртібі мен қолжетімді тексерулер туралы ақпаратты өз емханаңыздан немесе онкологиялық орталықтан нақтылауға болады.
Бұған дейін елімізде кімдерге қандай скринингтер қолжетімді екенін жазған едік.