«Әке»: жас маман ерлер денсаулығына арналған AI-қосымша әзірледі

«Әке»: жас маман ерлер денсаулығына арналған AI-қосымша әзірледі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанда ер адамдардың репродуктивті денсаулығын бақылауға арналған «Әке» мобильді қосымшасы таныстырылды. Жобаны С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі Айым Амангелді «AI-Sana» көрмесінде ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әке» қосымшасы ер адамдардың репродуктивті денсаулығы туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға және денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылауға көмектесуге бағытталған.

Қосымшада пайдаланушының бастапқы денсаулық жағдайын бағалауға арналған сауалнама қарастырылған. Сондай-ақ медициналық хаттамалар мен ғылыми әдебиеттер негізінде сұрақтарға жауап беретін жасанды интеллект чат-боты енгізілген.

Бұдан бөлек, пайдаланушылар күнделікті денсаулық көрсеткіштерін тіркеп, ағзадағы өзгерістерді бақылай алады. Жүйе жинақталған деректер негізінде жеті және отыз күндік кезеңдер бойынша талдамалық мәліметтер ұсынады.

Жоба авторының мақсаты – ер адамдардың дәрігерге қаралуына кедергі келтіретін факторларды азайту, олардың репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру.

«Әке» жобасы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ер адамдарға денсаулығын күнделікті бақылаудың қолжетімді құралын ұсынуды көздейді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жүрегі ауыратындар қандай сусыннан бас тартуы керектігі жөнінде жазған едік.