Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады
Фото: Ақорда

Президентке сот жүйесінде биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыс нәтижелері, сот ісін жүргізу үдерісін цифрландыру барысы, сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру шаралары туралы баяндалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Асламбек Мерғалиевтің мәліметінше, сот органдары 24,8 мың қылмыстық істі қараған.

Азаматтық істердің саны 28,4 пайызға ұлғайып, 605 мыңнан асты. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй және жер дауларына қатысты талап-арыздар мен келісімшарттық міндеттемелер бойынша істер санының артуы себеп болып отыр.

Сондай-ақ 29,2 мың әкімшілік іс және 319 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

Даулардың жартысына жуығы медиация және басқа да балама жолдар арқылы реттелген.

Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым келіп түсті. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есе өсіп, 934-тен 1704-ке дейін жетті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен.

Мемлекет басшысына сот жүйесін кадрмен қамтамасыз ету туралы да мәлімет берілді.

Президент сот төрелігінің сапасын жақсарту және сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру қажеттігіне назар аударды.