Кеген–Нарынқол автожолының 74 шақырымы толық жаңартылды

Кеген–Нарынқол автожолының 74 шақырымы толық жаңартылды
Фото: ҚазАвтоЖол

Алматы облысында республикалық маңызы бар «Кеген–Нарынқол» автомобиль жолының 74 шақырымында негізгі жөндеу жұмысы толық аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

2025 жылы басталған орташа жөндеу аясында жол төсемі суық ресайклинг технологиясымен қалпына келтіріліп, екі қабат асфальтбетон жабыны төселді. Құрылыс жұмысына 350 мың тонна құм-қиыршықтас және 165 мың тонна асфальтбетон қоспасы пайдаланылды.

Сонымен қатар, жол бойындағы 14 аялдама алаңы жөнделіп, 78 жол қиылысы мен кірме жол ретке келтірілді. Су өткізу жүйесін жақсарту мақсатында алты жол асты құбыры орнатылды.

«Кеген–Нарынқол автожолы – өңір тұрғындары үшін маңызды көлік бағыты. Бұл жолмен тәулігіне 1 200-ден астам көлік қатынайды. Біздің мақсатымыз – жолдың сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайын жасау. Жаңартылған 74 шақырым жол елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартып, өңірдегі туризм мен кәсіпкерліктің дамуына қосымша мүмкіндік береді», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Жаңартылған жол Кеген және Нарынқол бағытындағы көлік қатынасының қолайлы етіп, елді мекендердің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Астанада биыл екі жаңа медициналық нысан пайдалануға беріледі.