Бакуде жасанды интеллекттің конституциялық соттардағы рөлі талқыланды

Бакуде жасанды интеллекттің конституциялық соттардағы рөлі талқыланды
Фото: Конституциялық Сот

Әзербайжан астанасы Бакуде «Конституциялық соттар қызметіндегі жасанды интеллекттің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қазақстан Конституциялық Сотының делегациясы қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Конституциялық Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркі әлемінің конституциялық юрисдикция органдары конференциясы ұйымына (TÜRK-AY) мүше мемлекеттер өкілдерінің басын қосқан жиында жасанды интеллектті конституциялық сот төрелігінде қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан атынан кездесуге Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, Аппарат басшысының орынбасары Бекболат Сыздықов және талдаушы Әлия Бердібаева қатысты.

Айжан Жатқанбаева өз сөзінде ғылым мен инновацияларды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындайтын конституциялық ережелерге тоқталды. Сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау және хабарламалар құпиясын сақтау кепілдіктерінің маңызын атап өтті.

Ол жасанды интеллект технологияларын сот қызметіне енгізу кезінде судьялардың қабылдаған шешімдері үшін кәсіби жауапкершілігі сақталуы тиіс екеніне ерекше назар аударды.

Халықаралық кездесуде қатысушылар сот жұмысының тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын қарастырды. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуге байланысты құқықтық және этикалық мәселелер талқыланды.

Бұған дейін шетелдік делегация Қазақстанның конституциялық сот төрелігімен танысқаны хабарланған еді.