Қазақстанның экологиялық сот төрелігі саласындағы тәжірибесі Бішкекте таныстырылды

Қазақстанның экологиялық сот төрелігі саласындағы тәжірибесі Бішкекте таныстырылды
Фото: ҚР Жоғарғы соты

Бішкекте өткен Қырғыз Республикасы судьяларының IV жыл сайынғы конференциясында Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілікті қамтамасыз ету саласындағы тәжірибесі таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тұрақты даму мақсаттары аясындағы экологиялық сот төрелігі: халықаралық экологиялық стандарттар және Қырғыз Республикасының ұлттық тәсілдері» тақырыбындағы конференцияға бірнеше елдің судьялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Есенбай Боранбаев «Қоршаған ортаға келтірілген залалға байланысты істер бойынша сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбында баяндама жасады.

Ол климаттың жаһандық өзгеруі мен экологиялық мәселелердің өзектілігі артып отырған кезеңде Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Судьяның айтуынша, Қазақстан экологиялық таза мемлекетке айналуды мақсат етіп отыр. Елімізде қоршаған ортаға ұқыпты қарау қоғамдық құндылық қана емес, конституциялық міндет ретінде де бекітілген.

Сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғаудың маңызына назар аударылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін деректерді лауазымды тұлғалардың жасыруы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатыны айтылды.

БҰҰ Даму бағдарламасының талдауына сәйкес, Қазақстан экологиялық мәселелер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда озық халықаралық стандарттарды басшылыққа алады.

Конференцияға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Бельгия және Оңтүстік Африка елдерінің судьялары, Қоршаған орта мәселелері жөніндегі судьялардың Еуропалық форумы, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, экологтар және ғалымдар қатысты.

Қатысушылар табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы сот тәжірибесін жетілдіру, халықаралық экологиялық құқық нормаларын қолдану, сондай-ақ экологиялық даулар мен құқық бұзушылықтарды қарау мәселелерін талқылады.

Бұдан бұрын Құрылтай Жоғарғы Соттың алты судьясын қызметінен босатқаны хабарланған еді.