Республика күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресей Президенті Владимир Путин құттықтауында Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктеріне тоқталып, еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен рөлін жоғары бағалады.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті ілгерілеп келеді. Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін», – деп жазды Владимир Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға, экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарға назар аударды.
«Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін», – деді Си Цзиньпин.
АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қазақстан халқына құттықтау жолдап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті екенін білдірді.
«Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе», – деп жазған Дональд Трамп.
Орталық Азия елдерінің басшылары да Қазақстанды ұлттық мерекемен құттықтады.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың нығайып келе жатқанын атап өтті.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқан тарихи құжат екенін жеткізді.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы достық пен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты жоғары бағаласа, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов еліміздің мемлекеттілікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және халықаралық беделін көтеру бағытындағы жетістіктеріне тоқталды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың маңызын атап өтіп, стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығаятынына сенім білдірді.
«Биыл 14 мамырда Астанада өткен Қазақстан мен Түркияның Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы, сондай-ақ Түркістанда ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті стратегиялық серіктестігіміздің беріктігін айқын көрсетті», – деді Режеп Тайип Ердоған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бауырлас Қазақстанның жетістіктеріне қуанышты екенін жеткізіп, екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстардың маңызын атап өтті.
«Өзара тұрақты сапарларымыз, кездесулеріміз бен жоғары деңгейдегі белсенді диалог екіжақты қарым-қатынастарды анағұрлым қарқынды дамытып, стратегиялық серіктестікті, сондай-ақ одақтастықты нығайту және оны жаңа мазмұнмен байыту ісінде маңызды рөл атқарады», – деді Ильхам Әлиев.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон құттықтау жеделхатында Қазақстан мен Франция арасындағы достық қатынастарға тоқталып, екі елдің халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастығын жоғары бағалады.
«Қазақстан жұртшылығына француз халқының шынайы достық ниетін жеткізуіңізді өтінемін. Дипломатиялық байланыстардың 35 жылдығы аясында және Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып, бейбіт, өркендеген және орнықты әлем құру жолында өзара күш-жігер біріктіріп келе жатқанын, көптеген халықаралық мәселе бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.
Ұлыбритания Королі III Чарльз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жылы лебізін білдіріп, екі ел арасындағы достық байланыстардың нығая түскенін атап өтті.
Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң Қазақстанның ұлттық бірлік пен қоғамдық тұрақтылыққа сүйене отырып, даму жолында алға басатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Республика күніне орай Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Швейцария Президенті Ги Пармелан, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян және Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылары құттықтау жолдады.
Құттықтаулар Сауд Арабиясы, Оман, Бельгия, Испания, Швеция, Монако, Бахрейн, Жапония, Таиланд, Иран, Пәкістан, Индонезия, Сингапур, Вьетнам және басқа да мемлекеттердің басшыларынан келіп түсті.
Қазақстанды ұлттық мерекемен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық Кеңес төрағасы Антониу Кошта, ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және өзге де халықаралық ұйымдардың жетекшілері құттықтады.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысының атына құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.