Германия Қазақстан арқылы өтетін көлік бағыттарына қызығушылық танытты

Германия Қазақстан арқылы өтетін көлік бағыттарына қызығушылық танытты
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Германия Орталық Азия арқылы өтетін жаңа көлік дәліздерін дамытуға және өңірмен экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделі. Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Пайчтың кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Серік Жұманғарин елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Министрлік мәліметінше, Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық әріптестерінің бірі саналады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 13,4 пайызға өсіп, 4,5 млрд долларға жеткен. Ал 2005 жылдан бері Қазақстанға тартылған неміс инвестициясының жиынтық көлемі 8 млрд долларды құрады.

Қазір елімізде неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Knauf, CLAAS, HORSCH және Heidelberg Materials компаниялары бар.

Алдағы ынтымақтастық аясында қолданыстағы өндірістерді кеңейту, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру және қазақстандық жеткізушілерді тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім өндіруді ұлғайтып, отандық кәсіпорындардың Германия нарығындағы орнын нығайту жоспарланған. Бұл жұмыстар 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы негізінде жүргізіледі.

Кездесуде Орталық Азияның халықаралық сауда мен өңірлік көлік байланыстарын дамытудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Серік Жұманғарин Орталық Азияның болашағы оңтүстік бағыттағы көлік қатынасының дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан тасымал бағыттарын әртараптандыруға және көршілес мемлекеттермен байланысты нығайтуға мүдделі.

Осы орайда Ауғанстан арқылы Пәкістанға теміржол салу жобасы қарастырылып жатыр. Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері аталған жоба бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.

Өз кезегінде Хайке Пайч мұндай көлік бағыттарының дамуы Орталық Азия елдерімен қатар Германия үшін де маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, өңір Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды торапқа айнала алады.

Бұл ретте ынтымақтастық тек теміржол қатынасымен шектелмейді. Тараптар сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін цифрлық коммуникациялар, газ және мұнай құбырлары инфрақұрылымын дамыту мәселелерін де талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған жұмысты жалғастырып, тұрақты диалог жүргізуге келісті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Германия ЖИ саласында бірқатар келісімге қол жеткізген еді.