Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатына келген АҚШ-тың Орегон штаты университетінің жаттықтырушысы Брэндон Кейлор Қазақстанға алғаш рет жасаған сапарынан алған әсерімен бөлісті. Ол елорданың тазалығы мен көркіне, тұрғындардың қонақжайлығына ерекше тәнті болғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Мен Астананың сұлулығына тәнті болдым. Қазақстан осы уақытқа дейін барған елдерімнің ішіндегі ең сүйіктілерімнің біріне айналды. Маған мұндағы салқын ауа райы, ұлттық тағамдар мен мәдениеті ерекше ұнады. Қаланың тазалығы мен көркі де таңғалдырды. Ең бастысы – халқы өте мейірімді, ашық-жарқын әрі қонақжай», – деді америкалық жаттықтырушы.
Брэндон Кейлор қазақстандықтардың шетелдік қонақтарға деген жылы ықыласын атап өтіп, елімізге тағы да сапарлағысы келетінін жеткізді.
«Шетелден келген қонақтарды жылы қарсы алады. Осы турнирден кейін Қазақстанға қайта оралып, Алматы қаласын да аралағым келеді», – деді ол.
Айта кетейік, Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Жарысқа әлемнің 135 елінен 900-ге жуық спортшы қатысады.