Мемлекеттің дамуы қабылданған шешімдермен ғана емес, олардың азаматтардың күнделікті өміріне тигізген нақты әсерімен бағалануы тиіс. Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Бекжан Айтқұлов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, 25 қазан – Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды тарихи күн. 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы елдің өз тағдырын өзі айқындауына саяси-құқықтық негіз қалады. Ал бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол тарихи аманатты сақтап, мемлекетті одан әрі нығайту.
«Құрылтай депутаты ретінде мен үшін ел дамуының басты өлшемі – азаматтардың өміріндегі нақты өзгеріс. Қабылданған заң адамның құқығын қорғауға көмектесті ме? Бөлінген қаржы тұрғынға қажетті қызметке айналды ма? Салынған нысан халыққа толыққанды қызмет етіп тұр ма? Мемлекеттік шешімдердің нәтижесін осы сұрақтар арқылы бағалауымыз керек деп санаймын», – деді Бекжан Айтқұлов.
Оның пікірінше, мемлекеттің қуаты ең алдымен халықтың тұрмыс сапасынан көрінеді. Сапалы білім, қолжетімді медициналық көмек, қауіпсіз жол, тұрақты жұмыс пен лайықты табыс – азаматтардың болашаққа сенімін нығайтатын негізгі факторлар.
«Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанды «Заң мен тәртіп» қағидатына сай азаматтары өз еңбегімен өсіп-өркендей алатын, құқығы қорғалатын және болашағына сеніммен қарайтын мемлекет ету. Тәуелсіздік құрдасы ретінде мен үшін егемендік – өз еліме адал қызмет етуге жол ашқан қастерлі құндылық. Осы мүмкіндіктердің игілігін келер ұрпақ та көруі үшін бүгін аянбай әрі жауапты еңбек етуіміз керек», – деді депутат.
Бекжан Айтқұлов Республика күнін тек тарихи мереке ретінде емес, әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін кезең ретінде қабылдау маңызды екенін атап өтті.
«Егемендікті нығайту әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады. Осы жауапкершілікті бірге көтерсек, келер ұрпаққа қуатты экономикасы, білімді азаматтары және берік бірлігі бар ел қалдырамыз», – деді ол.
Сөз соңында депутат қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елдің тұғыры берік, халықтың бірлігі бекем болуын тіледі.