«Сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы»: дәрігердің Республика күніне орай пікірі

Бүгін, 12:16
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы»: дәрігердің Республика күніне орай пікірі
Фото: Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Қазақстанның дамуы мен халық денсаулығы өзара тығыз байланысты. Сау ұлт – мемлекеттің экономикалық қуаты мен тұрақты дамуының негізі. Осы орайда Республика күні қарсаңында елордадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының Анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құрбанбеков елдің денсаулық сақтау саласының болашағы, медицинадағы цифрлық технологиялардың рөлі және жас мамандардың жауапкершілігі туралы пікір білдірдідеп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, Республика күні – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығы жүзеге асып, егемендіктің құқықтық әрі тарихи іргетасы қаланған маңызды мереке.

«Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты байлығы – адам, оның өмірі, денсаулығы мен амандығы. Ақ халатты дәрігер ретінде бұл мерекенің мағынасын күнделікті кәсіби міндетім мен ар-ождан алдындағы жауапкершілігім арқылы ерекше сезінемін. Өйткені елдің экономикалық қуаты да, мәдени дамуы да, әскери қауіпсіздігі де ең алдымен халықтың физикалық және рухани саулығына байланысты», – дейді дәрігер.

Оның пікірінше, халық денсаулығы мен мемлекеттің дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Денсаулығы мықты азамат еңбек өнімділігін арттырып, қоғамның дамуына белсенді үлес қоса алады. Ал созылмалы аурулардың көбеюі мен ерте мүгедектік ел экономикасына қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты шығын ретінде емес, адам капиталына салынған инвестиция ретінде қарастыру қажет.

«Елдің нақты дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Халықтың өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімінің деңгейі, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі де маңызды көрсеткіштер саналады. Әрбір азамат денсаулығына қауіп төнгенде сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек ала алатынына сенімді болуы керек», – дейді маман.

Республика күні қарсаңында дәрігер жас мамандар мен өскелең ұрпаққа да тілегін жеткізді. Оның айтуынша, медицина саласында еңбек ететін жастар әлемдік стандарттарды меңгеріп, дәлелді медицинаның озық тәсілдерін игеруге ұмтылуы керек.

«Ең күрделі кезекшіліктерде, қарқынды терапияда, ота жасау үстелінде немесе қарапайым қабылдауда болсын, кәсібилік пен адами мейірімнің тепе-теңдігін сақтаңыздар. Сіздердің әрбір дұрыс қойылған диагноздарыңыз бен арашалап қалған өмірлеріңіз – тәуелсіз Қазақстанның іргесін нығайтуға қосылған баға жетпес үлес», – деді дәрігер.

Маманның пайымынша, білімді, дені сау, рухани кемел әрі отаншыл ұрпақ елдің болашағын қалыптастырады.

«Баршаңызға берік денсаулық, қажымас қайрат, кәсіби биіктер мен сарқылмас энергия тілеймін! Отанымыз Қазақстан Республикасының аспаны ашық, іргесі берік, болашағы жарқын болсын! Мереке құтты болсын» – деп түйіндеді дәрігер.