Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Дәурен Пірімбетов 25 қазан – Республика күні қарсаңында аталған күннің тарихы маңызына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«1990 жылдың 25 қазаны – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасаған тарихи маңызды күн. Қазақстан кеңестік республикалардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып өз республикасындағы халықтың егемендігі туралы мәселені көтерді, оған түрткі болған оқиғалардың қатарында 1986 жылғы желтоқсандағы қозғалыс бар. 1986 жылғы жастардың алаңға шығуы белгілі бір адамға қарсы емес, әр халыққа өз басшысын өзі таңдау құқығын беру талабы еді. Бұл сол кездегі қазақ қоғамының саяси мәдениетінің жоғарғы деңгейінің көрінісі еді. Бұл күн қазақ халқына тарихында алғаш рет өз тағдырын, өз басшысын және саяси жүйесін ешкімнің араласуынсыз еркін таңдау құқығын берді.
«Res publica» - «ортақ іс», яғни биліктің бір қолда шоғырланбай, ұлттық консенсусқа негізделуін және легитимділіктің жалғыз қайнар көзі халық екенін білдіреді. Бұл қағида БҰҰ Жарғысының (1945 ж.) 1-бабы 2-тармағында: «Ұлттардың өзін-өзі билеу және тең құқықтылық принципін құрметтеу негізінде мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту» және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (1966 ж.) 1-бабында: «Барлық халықтар өзін-өзі билеу құқығына ие. Осы құқықтың негізінде олар өздерінің саяси мәртебесін еркін белгілейді және өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын еркін қамтамасыз етеді» деп тайға таңба басқандай көрсетілген», - деді ғалым.
Оның пайымдауынша, ұзақ жылдар бойы (2009 жылдан бастап) ресми атаулы күндер тізбесінен тыс қалған Республика күніне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық мереке» жоғары мәртебесінің қайтарылуы – мемлекеттік саяси жадыны қайта жаңғырту мен тарихи әділдікті орнатудың айқын көрінісі. Президент бұл концептуалды шешімді алғаш рет 2022 жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында жариялап, бұл күн еліміздің егемендік жолындағы тұңғыш әрі батыл қадамы екенін айқындады.
«2022 жылғы қыркүйекте Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңдық актіге сәйкес, 25 қазан еліміздегі жалғыз әрі басты «Ұлттық мереке» болып бекітілді. Бұл қадам – Егемендік декларациясының қазіргі Қазақстанның саяси архитектурасының құқықтық негізі екенін институционалдық тұрғыдан шегендеп берді.
Бүгінгі таңда елімізде жүріп жатқан саяси реформалар – билік тармақтарының тепе-теңдігі, Парламент рөлін күшейту, сайлау жүйесін трансформациялау және институттарды демократияландыру – осы мемлекеттік декларация мен жоғарыда аталған халықаралық пакт қағидаларының заңды, эволюциялық жалғасы. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімшарттың нақты көрінісі. Қазіргі жаңа дәуірдегі және қазіргі геосаяси жағдайда Республика идеясы – ұлттық қауіпсіздік пен ішкі интеграцияның басты қорғаныс тетігі. Ол этникалық немесе әлеуметтік айырмашылықтардан жоғары тұратын, азаматтық бірегейлікті қалыптастырушы негізгі идеологемаға айналуы тиіс. Егемендікті ішкі және сыртқы деструктивті факторлардан қорғау – тек мемлекеттік аппараттың ғана емес, біртұтас саяси ұлттың басты міндеті», - деді ол.