Құрылтай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алты судьясын қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылданған шешімге сәйкес, Жоғарғы Сот судьялары Марина Боровик, Нұржан Қайыпжан, Валерий Ноздрин және Мәдениет Омарбекова отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босатылды.
Ал Сәкен Абдолла мен Аслан Түкиев басқа лауазымға тағайындалуына байланысты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 10) тармақшасына сәйкес қаралды.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақтың айтуынша, комитет Президент ұсынған Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босатуға қатысты кандидатураларды алдын ала талқылаған.

«Нәтижесінде Марина Геннадьевна Боровикті, Нұржан Үсіпханұлы Қайыпжанды, Валерий Владимирович Ноздринді және Мәдениет Жаханқызы Омарбекованы орнынан түсуіне байланысты, Сәкен Абдолланы, Аслан Сұлтанұлы Түкиевті басқа лауазымға тағайындалуына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары лауазымдарынан босатуға болады деген қорытынды береміз, – деді Үнзила Шапақ.
Комитет бұл қорытындыны «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 2-тармағына сәйкес берген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Татьяна Савельеваның Құрылтайдағы депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны хабарланған еді.