Астанада аға буын өкілдері би фестивалінде өнер көрсетті
Астанада Қарттар күні қарсаңында «Әсем қимыл – әдемі ғұмыр» атты би фестивалі өтті. Шараға елорданың алты ауданынан келген өнерпаз зейнеткерлер қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Фестивальді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды. Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарайшық және Сарыарқа аудандарының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімдерінен жиналған қатысушылар түрлі би бағыттары бойынша өнерлерін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – аға буын арасында би терапиясын насихаттау, белсенді ұзақ өмір салтын қалыптастыру, дене және менталдық саулықты нығайту, сондай-ақ шығармашылық қабілетті дамыту.

Фестиваль бағдарламасында қазақтың ұлттық биімен қатар, бал, заманауи, ретро және әлем халықтарының билері орындалды. Қатысушылар авторлық хореография бағытындағы қойылымдарын да ұсынды.
«Менің жасым 72-де. Бүгін біздің топ би көрсетеді. Мен биді қатты жақсы көремін. Қазір Астанада зейнеткерлер үйде отырмайды деуге болады. Көпшілігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, түрлі шараларға қатысады. Зейнетке шыққаннан кейін өмір тоқтаған жоқ. Керісінше, өмірім әрі қарай жақсы дамып келеді», – деді Есіл ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Махаббат Омарова.

Ал Васида Сыдықова биге бір жарым жылдан бері қатысып жүргенін айтты.
«Менің жасым 71-де. Биге барып жүргеніме бір жарым жыл болды. Би көңіл-күйді көтеріп, денсаулықты жақсартады. Үйде ауырып отырғаннан гөрі, биге қатысқан жақсы. Біздің жетекшіміз – Ирина Смагулова. Қазір біз шетелге де шығып, өнер көрсетіп жүрміз», – деді ол.

«Фестиваль барысында қатысушылар тек би шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, өнер арқылы сергектік пен көтеріңкі көңіл күйдің, достық пен белсенді өмір салтының маңызын көрсетті. Бұл ретте зейнеткерлерімізді би өнеріне баулып, сырлы өнерді насихаттап жүрген хореограф мамандар Ирина Смагулованың, Шолпан Джананбаеваның, Болатбек Сейдалиннің, Әлия Абылқасымованың және Аружан Қалмұратованың еңбектерін ерекше атап өткім келеді» - деп пікір білдірді қазылар алқасының мүшесі Нұргүл Ерзатқызы.



Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделер реті төмендегідей бөлінді:
І орын - "Сымбат" би тобы Сарайшық ауданы;
ІІ орын - "Хайшайым" би тобы Есіл ауданы;
ІІІ орын - "Сарыарқа" би тобы Сарыарқа ауданы;
- «Халық биі» номинациясы – "Жаңа толқын" би тобы (Есіл);
- «Заманауи би» номинациясы – "Жерұйық" би тобы (Алматы);
- «Әлем халықтарының билері» номинациясы – "Қыздарай" би тобы (Нұра);
- «Ретро-би» номинациясы – "Аңыз" би тобы (Нұра);
- «Авторлық хореография» номинациясы – "Әдемі дәуір" би тобы (Сарыарқа);
- «Ең әртістік жұп» номинациясы – Наталья Мостовая мен Қанат Өмірбеков (Байқоңыр);
- «Үздік сахналық образ» номинациясы –"Кербез" би тобы (Сарайшық);
Көрермен көзайымы -"Салтанат" би (Алматы).