Женевадағы БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны (CEDAW) орындау жөніндегі алтыншы мерзімдік баяндамасы қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов басқарды. Оның құрамына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің, ғылыми-зерттеу институттары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері кірді.
Отырыс барысында Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар таныстырылды.

Соңғы жылдары елімізде тең құқықтар мен мүмкіндіктер кепілдіктерін күшейту, әйелдер кәсіпкерлігі мен жұмыспен қамтуды қолдау, білім және медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында заңнамалық және институционалдық реформалар жүргізілгені айтылды.
Конституциялық өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің мемлекетте тіркелген, оның қорғауындағы ерікті әрі тең құқықты одағы екені бекітілген.
Кездесуде әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған заңнамалық шаралар да сөз болды. Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен бірге зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғау, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің жұмысын жетілдіру шаралары күшейтілген.
Қазақстан тарапы отбасы және гендерлік саясат, адам құқықтары мен әйелдердің ел өміріне белсенді араласуы бағытындағы стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылуы туралы да баяндады.
Диалог қорытындысында CEDAW комитетінің мүшелері Қазақстанға бірқатар ұсыным берді. Министрліктің мәліметінше, олар әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық саясатты одан әрі жетілдіру барысында ескерілмек.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысы ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін айтқан еді.