Мемлекет басшысы ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін айтты

Бүгін, 16:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекет басшысы ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін айтты
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады.

Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді.

Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте «нәзік жанды» деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқарады.

Адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында.

Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті, соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек қателеспейміз.

Қазақ қызының жолы, тағдыры ешқашан кедір-бұдырсыз, яғни қиындықсыз болмаған. Оған тарих куә. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыйым» деген түсініктер халық санасына әбден сіңіп кеткен. Себебі, біз – қыз баланың абыройын ел болашағының кепілі деп санайтын елміз.

Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар. Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал, керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамығанын атап өтті.

«Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық.

Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар.

Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді.

Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау.

Ата заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі.

Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді. Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп.

Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек. Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет.

Қазіргі таңда дүниежүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылуда. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін айтты.

«Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады.

Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты.

Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.

Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын.

Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.

«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады.

Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін.

Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады.

Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді», - деді Президент.