Header Banner

Жалақы есептеуден 82 млн теңге жымқырған: Ақтөбе облысында үш мектеп есепшісі сотталды

Жалақы есептеуден 82 млн теңге жымқырған: Ақтөбе облысында үш мектеп есепшісі сотталды
Фото: freepik.com

Ақтөбе облысында бюджеттің 82 млн теңгесін жымқырғандар сотталды. Шалқар ауданының прокуратурасы мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеуде 82 млн теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы прокуратурасының мәліметінше, аудандағы №5 мектеп-лицейдің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021–2024 жылдары директордың электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.

Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Іс бойынша Шалқар аудандық сотының үкімімен үш тұлға сотталды. Бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталғандарға 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін сот үкімімен Маңғыстау көпбейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан,сондай-ақ 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.