Астаналық И.-ға қатысты айыптау үкімі жарияланды. Ол алаяқтықтың алты фактісі бойынша сотталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
И. автокөліктерді сатып алу-сату қызметімен айналыса отырып, Қарағанды және Астана қалаларында тұратын жәбірленушілерге қатысты алаяқтықтың 6 фактісін жасаған.
Атап айтқанда, И. жәбірленушілермен сенімді қарым-қатынаста бола тұра, оларға автонесие ресімдеу үшін банктен мақұлдау алған клиенттері бар екенін хабарлаған, содан кейін жәбірленушілер өз автокөліктерін И. көрсеткен тұлғаларға қашықтан қайта ресімдеген. Кейіннен И. жәбірленушілермен есеп айырыспай, ақшалай қаражатты өз қалауынша жұмсаған.
Осылайша, И. алдау және сенімге қиянат жасау жолымен, ірі және аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасаған.
И.-ның әрекеттерінен келтірілген жалпы залал 103 млн теңгеден асты.
Сот тергеуінің қорытындысы бойынша И. ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, беттестіру хаттамаларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сотта жасалған қылмыстардың мән-жайлары мен олардың ауырлығын, жәбірленушілерге өтелмеген ірі және аса ірі залал келтірілуін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот сотталушы И.-ға автокөліктерді сатып алу-сату саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 6 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы үкім оқылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.