Header Banner

Суармалы су жеткізу келісімшарттары электронды форматқа көшірілді

Бүгін, 16:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Суармалы су жеткізу келісімшарттары электронды форматқа көшірілді
Фото: pexels.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-пен бірлесіп, табиғи монополия субъектілеріне суармалы су беруге арналған келісімшарттарды электронды түрде жасауға мүмкіндік беретін биллинг жүйесін таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап. 

Жиын «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті. Оған жергілікті атқарушы органдар мен «Қазсушар» РМК филиалдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға жүйеге қосылу және оны пайдалану тәртібі түсіндірілді. 

Жалпы, суармалы су жеткізетін 28 табиғи монополия субъектісі қамтылды. Олардың басым бөлігі – әкімдіктерге қарасты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен жекеменшік компаниялар. Атап айтқанда, оның 10-ы Жетісу облысы, Алматы облысы және Алматы қаласында, ал 18-і Шымкент қаласы, Түркістан және Жамбыл облыстарында жұмыс істейді.

Жиында табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарының сақталуы, табиғи монополия субъектілерінің жауапкершілігін күшейту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де талқыланды.

Жаңа жүйені енгізу келісімшарт жасау рәсімін жеңілдетіп, қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар арасындағы байланыстың ашықтығын арттырады. Сонымен қатар су саласын цифрландыру жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.