Header Banner

Қазақстанның цифрлық карталары отандық такси сервисіне енгізіледі

Қазақстанның цифрлық карталары отандық такси сервисіне енгізіледі
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен отандық картография деректері мен геосервистерді қазақстандық Qajet такси шақыру сервисіне интеграциялау мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығының цифрлық карталары мен геосервистерін коммерциялық сервисте пайдалану мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бастаманың мақсаты – мемлекеттік цифрлық картография негізді бизнес саласында іс жүзінде қолдану және Қазақстанның өз навигациялық технологияларын дамыту.

Интеграция аясында Қазгеодезияның цифрлық карталарын пайдалану, сондай-ақ мекенжайларды іздеу, геокодтау және маршруттарды құру мүмкіндігін дамыту жоспарланып отыр. Бұл отандық геосервистерді жолаушылар тасымалы кезінде сынақтан өткізіп, оларды одан әрі кеңінен қолдану мүмкіндігін бағалауға жол ашады.

Жобаның технологиялық негізін Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы аясында қалыптастырылған картография деректері мен Қазгеодезияның цифрлық картография және навигация саласындағы жеке әзірлемелері құрайды.

Отырыс барысында жол желісі туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз етуге, мекенжайлар мен нысандардың орналасқан жерін дәл анықтауға, сондай-ақ картография ақпаратын тұрақты түрде жаңартып отыруға ерекше назар аударылды.

Qajet сервисімен интеграциялау мемлекетке, бизнеске және азаматтарға қолжетімді қазақстандық цифрлық карталар мен навигация сервистері экожүйесін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде қарастырылады. Алдағы уақытта мұндай шешімдерді такси агрегаторы, жеткізу қызметі, логистика компаниясы және басқа да цифрлық платформалар пайдалана алады.

Еске салсақ, елімізде статистикалық деректерді жылдам ұсынатын AI TALDAU көмекшісі іске қосылды.