Header Banner

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлихан Мәулет елордаға оралды

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлихан Мәулет елордаға оралды
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Қытайдың Нанкин қаласында өткен батут гимнастикасынан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған елордалық спортшы Әлихан Мәулет елге оралды. Әлемдік додада Астана спортының мерейін үстем еткен жас гимнасшыны елорда әуежайында спорт саласының өкілдері, туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

12–15 қараша аралығында Қытайдың Нанкин қаласында өткен әлем біріншілігінде Әлихан Мәулет 17–21 жас санатында қос мини-трамп (Double Mini-Trampoline) бағдарламасы бойынша сынға түсіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Әлемнің үздік жас гимнасшылары бас қосқан байрақты бәсекеде елордалық спортшы жоғары шеберлік пен табандылық танытып, Қазақстан қоржынына бағалы жүлде салды.

Әлиханның айтуынша, әлем чемпионатындағы бәсеке оңайға соқпаған. Әрбір өнер көрсету жоғары дайындықты, асқан дәлдік пен жинақылықты талап еткен. Соған қарамастан, жас спортшы бар күш-жігерін жұмсап, әлемдік доданың жүлдегерлері қатарынан көрінді.

Батут гимнастикасынан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Елдар Жеңісханов шәкіртінің бұл жеңісін елорда спортының тарихындағы айтулы жетістік деп бағалады.

«Бұл – Астана қаласы үшін тарихи медаль. Себебі батуттық гимнастикадан мұндай нәтижеге алғаш рет қол жеткізіп отырмыз. Бұл – тек бастамасы. Алда спортшымызды әлі талай жеңіс белестері күтіп тұр деп сенемін. Бізге қолдау білдірген барша жанға алғыс айтамын. Сондай-ақ спортшының халықаралық жарысқа қатысып, елге жеңіспен оралуына мүмкіндік жасаған қалалық әкімдік пен спорт басқармасына ризашылығымды білдіремін», – деді ол.

Әуежайдағы қуанышты сәтте Әлиханның атасы Мәулет Қосояқов та немересінің жетістігіне деген мақтанышын жасырмады.

«Немеремнің осындай биік белесті бағындырғанына шексіз қуаныштымын. Бұл – тек Әлиханның ғана емес, бүкіл отбасымыздың қуанышы. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғай берсін деп тілеймін», – деді ол.