Қазақстан ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы мен ИКАО Ассамблеясының 43-сессиясына қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Канада, Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) өз жұмысын бастады. Конференция халықаралық әуе көлігін дамытудың негізгі мәселелері мен перспективаларын талқылауға арналған.
Дүниежүзілік конференцияға ИКАО-ға мүше 193 мемлекеттің өкілдері, сондай-ақ Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI World), Аэроғарыш өнеркәсібі қауымдастықтарының халықаралық үйлестіру кеңесі (ICCAIA) сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Конференцияның ашылу салтанатында ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, БҰҰ Туризм ұйымының Бас хатшысы Шайха Әл-Нуайс және Канаданың Көлік министрі Стивен Маккиннон сөз сөйледі.
Өзінің құттықтау сөзінде Тошиюки Онума авиация саласы халықаралық ынтымақтастыққа аса тәуелді салалардың бірі екенін ерекше атап өтті.
«Халықаралық әрбір рейс 1944 жылы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенциямен қаланған стандарттау мен өзара сенім қағидаттарына негізделеді. ИКАО жүйесі өзгеріп жатқан технологияларға, дамып келе жатқан нарықтарға және жаһандық ауқымдағы күрделі пайдалану талаптарына бейімделу қабілетін алдағы уақытта да сақтауы тиіс», – деді ИКАО Кеңесінің Президенті.
Конференцияның ашылуында ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар да таныстырылым жасады.
Қазақстан Республикасы делегациясын ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастап барды. Делегация құрамына ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулетбек Құсайынов, Қазақстан Республикасының ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, ҚР Көлік министрлігінің өкілдері, сондай-ақ елдің авиация саласының өкілдері кірді.
Аталған конференция ATConf/6 (2013 жылғы наурыз) конференциясынан кейін 13 жыл өткен соң алғаш рет өткізіліп отыр. Осылайша, ИКАО-ға мүше мемлекеттер мен авиация саласының өкілдеріне әлемдік авиацияда өткен кезеңде орын алған ауқымды өзгерістерді ескере отырып, халықаралық әуе көлігін дамытудың негізгі бағыттарын жаһандық деңгейде қайта талқылауға мүмкіндік беріліп отыр.
Конференция аясында қатысушылар әуе көлігін ырықтандыру, авиация саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық маршруттық желіні дамыту, цифрландыру, инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ азаматтық авиацияның орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырады.
Конференция бағдарламасы аясында «Авиация саласының қазіргі жай-күйі: өзгерістерге бейімделу және 2050 жылға дайындық деңгейін бағалау» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі пікірталас, «ИКАО-ның ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарындағы әуе көлігі: 2050 жылға дейін авиацияны дамытуды жеделдету» атты сессия, авиациялық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға инвестициялар тарту, нормативтік-құқықтық және институционалдық базаны нығайту, халықаралық әуе көлігін реттеудің экономикалық және нормативтік-құқықтық тетіктерін жүйелі жетілдіру арқылы әуе қатынасының қолжетімділігі мен байланыстылығын арттыру, сондай-ақ авиациялық жүйенің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайларға ден қоюды жоспарлау тетіктерін жетілдіру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған панельдік пікірталастар өткізіледі.
19 қарашада ашылуы жоспарланған ИКАО Ассамблеясының кезектен тыс сессиясын өткізудің басты мақсаты – ИКАО Кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайтуға байланысты Кеңеске қосымша төрт мүше мемлекетті сайлау. Сонымен қатар Ассамблея бағдарламасында Министрлік декларацияны қабылдау көзделген.
Қазақстанның ATConf/7 конференциясы мен ИКАО Ассамблеясының 43-сессиясына қатысуы еліміздің халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына және жаһандық авиациялық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысуға бейілділігін растайды.
Қазақстан делегациясы ATConf/7 алаңын озық халықаралық тәжірибе алмасу, екіжақты кездесулер өткізу, ұлттық мүдделерді ілгерілету, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстарды нығайту, сондай-ақ Қазақстанның азаматтық авиациясын одан әрі дамыту перспективаларын талқылау мақсатында пайдалануды көздеп отыр.
Конференцияға қатысу Қазақстанға әуе көлігінің тиімді, қауіпсіз, бәсекеге қабілетті және орнықты жүйесін қалыптастыру мәселелері бойынша халықаралық диалогқа сындарлы үлес қосуға мүмкіндік береді.