Header Banner

Елімізде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді

Елімізде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді
Фото: freepik.com

Қазақстанда 8 қазаннан бастап жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа талаптар емтиханды қайта тапсыру мерзіміне және құжат рәсімдеу тәртібіне қатысты. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол жүргізуші куәлігін алу кезіндегі өзгерістерді түсіндіріп берді.

«Егер емтиханды бірінші реттен тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те өте алмасаңыз, келесі мүмкіндік 10 күннен кейін беріледі. Алғашқы үш әрекет тегін, төртінші реттен бастап қайта тапсыру ақылы. Емтихан тапсыру санына шектеу жоқ», - деді ресми өкіл.

Теориялық емтиханнан өткеннен кейін практикалық сынақты тапсыра алмай жүргендер енді теорияны қайта тапсырудың қажеті жоқ. Бұрын практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда теориялық емтиханның нәтижесі жойылатын. Азаматтар билеттерді қайта оқып, теориялық сынақты жаңадан тапсыруға мәжбүр болатын. Қазір теориялық емтихан нәтижесі бір жыл бойы сақталады. Осы уақыт ішінде практикалық емтиханды қайта тапсыра алады.

Ал емтихан кезінде қосымша көмекке жүгінсені немесе ұялы телефон пайдаланғаны анықталса, сынақ бірден тоқтатылады. Мұндай жағдайда теориялық емтиханға тек бір жылдан кейін ғана қайта кіре алады. 

Егер емтихан нәтижесімен келіспеген жағдайда, үміткер апелляция беруге құқығы бар. Шағымды полиция, халыққа қызмет көрсету орталығы және автомобиль саласының өкілдері кіретін арнайы комиссия қарайды.

«Көлік құралын тіркеу кезінде құжаттарда қате болса немесе қажетті құжаттардың бірі жетіспесе, енді өтінішті қайта тапсырудың немесе басқа күні келудің қажеті жоқ. Қатені түзетуге немесе жетіспейтін құжатты ұсынуға бір жарым сағат уақыт беріледі. Ал арнайы мемлекеттік нөмірге тапсырыс берген жағдайда бір сағат қарастырылған.

Көліктің құрылымына өзгеріс енгізген болсаңыз, оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын куәлік болған жағдайда тіркеуге болады. Сонымен қатар көлікті тіркеу кезінде бұрынғыдай оның іздеуде бар-жоғы және өзге де шектеулер тексеріледі», – деді Ақтоты Боранова. 

Оның айтуынша, жаңа қағидалар жүргізушілердің құжат рәсімдеуге және емтиханды қайта тапсыруға жұмсайтын уақытын азайтуға мүмкіндік береді.