Header Banner

Астанада ломбардтар желісі заңсыз қызметтен 102 млн теңге табыс тапқан

Астанада ломбардтар желісі заңсыз қызметтен 102 млн теңге табыс тапқан
Фото: ҚМА

«01market» ломбардтар желісін ұйымдастырушыға қатысты микрокаржылық қызметпен заңсыз айналысу дерегі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктінің бақылауындағы «INVEST PRO KZ» ЖШС, «Исмагулов Р.Б.» және «Pro Kz» жеке кәсіпкерліктері комиссиялық сауданы бүркемелеп, тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге алып, қарыз беріп келген.

«Олар қызметінің шынайы сипатын жасыру үшін клиенттерге комиссиялық сауда мәмілесі жасалғандай етіп кепіл билетін рәсімдеген. Қарыз қолма-қол ақшамен беріліп, оның пайызы, мерзімін ұзартқаны үшін алынатын төлемдер мен айыппұлдар аталған кәсіпкерлік субъектілерінің шоттарына түсіп отырған», делінген хабарламада.

Қарыз 30 күнге беріліп, оған күніне 0,25%-ға дейін сыйақы есептелген. Қарызды уақытында қайтармағандарға қосымша айыппұл салынып, ол төленбеген жағдайда кепілге қойылған мүлік сатылған.

Департаменттің мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан.  Соттың санкциясымен екі пәтерге, үш автокөлікке және екі кеңсеге тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске сала кетсек, 146 млн теңгеден астам заңсыз табыс тапқан «Альби» ломбардтар желісінің қызметі тоқтатылды.