Қылмыстық топ Жарма ауданында заңсыз алтын өндірген - ҚМА

Қылмыстық топ Жарма ауданында заңсыз алтын өндірген - ҚМА
Фото: freepik.com

Абай облысының Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Абай облысы бойынша департаменті мәліметтеріне сүйенсек, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген.

«Құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдық көмегімен шайып отырған. Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталды. 12 мың текше метр тау жыныстары заңсыз қазып алынған. Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген», делінген хабарламада.

Жедел іздестіру шарасы кезінде бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды.



Агенттіктің мәлімдеуінше, сол жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі фронтальды тиегіш ауыр техника және бір экскаватор тәркіленді. 

Тергеу әлі аяқталмаған. 

Еске салсақ, Балқаш маңында заңсыз кен өндірілген үш карьер анықталды.