Балқаш маңында заңсыз кен өндірілген үш карьер анықталды

Балқаш маңында заңсыз кен өндірілген үш карьер анықталды
Фото: pexels.com

Қарағанды облысында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру дерегі анықталды. Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген заңсыз жұмыстарды Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, заңсыз кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған. Жер қойнауын пайдалану құқығы мен қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген жұмыстарға жалдамалы жұмысшылар және арнайы техникалар тартылған.

Кен өндіру кезінде экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар мен кен ұсататын қондырғы пайдаланылған. Қазып алынған кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату мақсатында теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды. Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта пайдалануға жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

Соттың санкциясымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Бұған дейін Қазақстаннан 2,6 мың тонна алтын құрамды кен заңсыз шығарылмақ болғаны хабарланған еді.