Полиция елордалықтан 3 келіден астам мефедрон тәркіледі

Полиция елордалықтан 3 келіден астам мефедрон тәркіледі
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанаға кіреберісте елордалық полицейлер есірткінің ірі партиясын қала аумағына алып кіру әрекетінің жолын кесті. Бекеттің бірінде 44 жастағы ер адамның басқаруындағы «Toyota» маркалы автокөлік тоқтатылды. Ол есірткіні сату үшін сақтады және тасымалдады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Көлікті тінту барысында салоннан өткір иісі бар ұнтақ зат салынған алты брикет табылып, тәркіленді. Кейін ұсталған азамат қала аумағында бұрын жасырып қалдырылған есірткі орындарын көрсетті.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген ұнтақ мефедрон болып шықты. Оның жалпы салмағы 3 келіден асты.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.

Тергеу барысында ер адамның есірткіні тасымалдаушы рөлін атқарғаны және оны әрі қарай тарату үшін жеткізуді жоспарлағаны анықталды. Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр. 

 

Еске салсақ, тәртіп сақшылары елордада «Пепе» интернет дүкені арқылы тұрақты түрде жұмыс істеген есірткі тарату арнасын анықтады. Күдіктілер есірткіні кондитер өнімі мен печеньеге жасырған.