Header Banner

Руслан Асаубаев: Президент Жолдауында ауыл өндірушілеріне цифрлық сауда мүмкіндіктері аталды

Руслан Асаубаев: Президент Жолдауында ауыл өндірушілеріне цифрлық сауда мүмкіндіктері аталды
Фото: Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру және ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту міндеті айқындалды. Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, 2027 жылы бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге бағытталған цифрлық жобаларды іске қосуды тапсырды. Бұл бастама ауыл өндірушілерінің сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуына, өткізу нарығын кеңейтуіне және отбасылық кәсіпкерлікті дамытуына жол ашады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы, институттың Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі Руслан Асаубаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы азаматтардың мүмкіндіктері олардың тұрғылықты жеріне тәуелді болмайтын халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі маңызды міндетті айқындады. Бұл ретте ауыл өндірушілерінің өнімдерін өткізуге қолдау көрсететін цифрлық дамудың пилоттық жобаларын іске қосу көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде бірқатар өңірде жүзеге асырылатын бастамалардың нәтижесі кейін бүкіл елге таратылуы мүмкін.

Қазақстанның ауылдық жерлерінде шамамен 7,4 млн адам тұрады. Бұл ел халқының 36 пайызына жуық. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін цифрлық құралдарды дамыту тек технологиялық жаңашылдық емес. Бұл – отбасылардың табысын арттырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және жергілікті кәсіпкерлікті дамытудың маңызды тетігі.

Іс жүзінде ауыл экономикасын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқалы отырмыз. Яғни өнімді дәстүрлі сауда арналары арқылы өткізумен шектелмей, заманауи цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын маркетплейстермен, банктермен, логистикалық компаниялармен және цифрлық сервистермен ұштастыру ауыл өндірушілеріне жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді», – деді Руслан Асаубаев.

Сарапшының пікірінше, ауыл тұрғындары арасында цифрлық сауданың алғашқы тәжірибесі қалыптасып үлгерген. Қазірдің өзінде көптеген өндіруші өз өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы ұсынады. Алайда мұндай сауда арналарының ауқымы көбіне шектеулі болып, сатып алушыларды кең көлемде қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан алдағы пилоттық жобалар қалыптасқан тәжірибені жүйелі әрі тиімді деңгейге көтеруге бағытталуы тиіс.

«Бұл үшін ауыл өндірушілеріне қолжетімді цифрлық құралдар, сауда жүргізудің ашық шарттары және сатушылар мен сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимылдың түсінікті қағидалары қажет. Мұндай тәсіл ауылдағы отбасылық бизнесті дамыту үшін де маңызды. Өндірушілердің сатып алушыларға тікелей шығу мүмкіндігі жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, шағын фермерлік қожалықтарды дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге деген экономикалық қызығушылықты арттыруы мүмкін.

Сонымен қатар ауыл өндірушілерін кооперативтерге біріктіру және тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыру мәселесі де өзекті. Бұл бағытта цифрландыру қосымша мүмкіндік ұсына алады. Бірыңғай цифрлық алаңдар арқылы өндірушілердің ұсыныстарын біріктіріп, тауар партияларын қалыптастыруға, жеткізу көлемдерін келісуге және өнімнің қозғалысын бақылауға болады», – деп түсіндірді сарапшы.

Руслан Асаубаев цифрлық технологиялардың өздігінен барлық мәселені шешпейтінін де атап өтті. Оның айтуынша, кооперацияның тиімді жұмыс істеуі үшін қатысушылардың экономикалық мүдделілігі, басқару жүйесі және жауапкершілікті бөлу тәртібі нақты болуы керек. Сондай-ақ ортақ қызметтен түсетін табысты бөлудің ашық қағидалары қалыптасуы қажет.

Сарапшы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің цифрлық жүйесін дамыту қала мен ауыл арасындағы экономикалық байланысты да нығайта алатынын айтады. Мұндай тәсіл отандық өнімдердің жаңа сауда арналарына шығуына, шағын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отбасылық кәсіпкерліктің ауқымын кеңейтуге ықпал етеді. Ал қала тұрғындары үшін жергілікті өнімдердің түр-түрін таңдау мүмкіндігі артады. Дегенмен тауардың түпкілікті бағасы өндіріс, сақтау, тасымалдау және сауда шығындарына байланысты болмақ.

«Пилоттық жобалар жүзеге асырылатын өңірлерді таңдау – бастаманың нәтижелілігіне тікелей әсер ететін маңызды кезең. Бұл ретте тек интернет инфрақұрылымы мен техникалық дайындықты ғана ескеру жеткіліксіз. Ауыл тұрғындарының қызығушылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі, жергілікті билік органдарының мүмкіндіктері, өткізуге арналған өнім көлемі және логистикалық қызметтердің қолжетімділігі де назарға алынуы керек.

Ауылдық қоғамдық ұйымдарды, кооперативтерді, жергілікті өзін-өзі басқару өкілдері мен белсенді тұрғындарды осы жұмысқа тартудың маңызы зор. Өйткені жергілікті деңгейде өндірушілердің нақты мәселелерін анықтап, халықтың сұранысына сәйкес шешімдер ұсынуға болады. Мемлекет басшысы қойған міндет сауданы цифрландырумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – ауыл тұрғынының өнім өндіріп қана қоймай, өз бетінше сатып алушы табуына, еңбегіне сай табыс алуына және жеке кәсібін дамытуына жағдай жасау», – деді ол.

Сарапшының пайымдауынша, бастаманың тиімділігін бағалауда цифрлық платформаларға тіркелген өндірушілердің немесе өткізілген өнім көлемінің көрсеткішімен шектелуге болмайды. Ең маңызды өлшем – ауылдық отбасылардың тұрмысындағы нақты өзгерістер. Атап айтқанда, халық табысының артуы, кәсіпкерлік мүмкіндіктердің кеңеюі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және ауылдық елді мекендердің экономикалық дербестігінің нығаюы.

Оның пікірінше, егер пилоттық жобалар тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне, ашық жұмыс қағидаларына және мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігіне негізделсе, бұл тәжірибені Қазақстанның барлық өңіріне таратуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде цифрлық кооперация ауыл экономикасын дамытудың және шағын өндірушілерді қолдаудың жаңа тетігіне айналуы мүмкін.