Header Banner

Айша Мұқашева: Президент Жолдауында Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудың жаңа міндеттері белгіленді

Айша Мұқашева: Президент Жолдауында Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудың жаңа міндеттері белгіленді
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және халықаралық транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. Қазіргі геосаяси жағдайда жаһандық логистика жүйесі өзгеріп, құрлықтағы көлік дәліздерінің маңызы артып келеді. Бұл Қазақстанға Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік байланысты дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын цифрландыру, электрондық құжат айналымын енгізу және логистикалық қызметтерді жетілдіру қажеттігін алға шығарады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Айша Мұқашева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда автомобиль және теміржолдардың бірнеше ондаған мың шақырымы салынып, жөнделгенін, сондай-ақ еліміздің аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік, энергетикалық және цифрлық бағыттар өтетінін атап өтті. Бұл келесі кезеңге, яғни жолдарды «жүк ағындарын ұйымдастырушыға» айналдыруға және «көлік тораптарының айналасында сауда алаңдарын» қалыптастыруға берік негіз қалайды. Транзиттік ел рөлінен хаб мәртебесіне көшу сервистік, қоймалық және сауда инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Басқаша айтқанда, бұл – жүктердің өтуін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын жұмыс.

Практикалық тұрғыдан алғанда, көлік саласын толық цифрландыру мәселесінің көтерілуі ерекше маңызды. Президент жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзиттік ағындарды «қағаз жүкқұжаттары арқылы» басқару қазіргі заман талаптарына сай келмейтінін нақты атап өтті. Бұл тұжырыммен келіспеу қиын: бүгінде көлік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігі жол жабынының сапасымен ғана емес, жүктерді өткізу рәсімдерінің жылдамдығымен, ашықтығымен және өзара үйлесімділігімен де айқындалады. Электрондық жүкқұжаттар, көршілес елдердің жүйелерімен интеграция және деректермен үздіксіз алмасу жүк жөнелтушілер үшін маршруттың тартымдылығына тікелей әсер ететін факторларға айналуда. Бұл тетіктерсіз, тіпті дамыған жол желісінің өзі транзиттік әлеуетін толық көлемде іске асыра алмайды», - деді Айша Мұқашева.