Header Banner

Елордада конкурдан ел чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада конкурдан ел чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Фото: Қазақстанның ат спорты федерациясы

14-15 қарашада Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.  

Екі күнге созылған басты республикалық додаға ел өңірлерінен үздік шабандоздар қатысты.

Жарыс бағдарламасы бойынша спортшылар екі деңгейде – «А» тобында (кедергі биіктігі 130-140 см) және «В» тобында (кедергі биіктігі 120-130 см) бақ сынады.

«А» тобындағы тартысты финал 

Ең жоғары санаттағы бәсеке аса тартысты өтті. Екі күннің қорытындысы бойынша 3 шабандоз бірдей 4 айып ұпайын жинап, чемпиондық атақ қайта секіру кезеңінде сарапқа салынды. 

Шешуші сәтте Дайана Онаева (Cherry JVH Z тұлпарымен) кедергілерді қатесіз әрі ең жылдам уақытта (39,54 сек) еңсеріп, 2026 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.

«А» тобының жүлдегерлері:

1. Дайана Онаева (Cherry JVH Z, «Дарнис» АСК, Алматы) – 0 айып ұпайы (қайта секіру – 39,54 сек);

2. Бекжан Байжанұлы (First of All, Алматы обл. ДРС) – 8 айып ұпайы (39,68 сек);

3. Аян Ғани (Moos, «Haragun Stables», Алматы) – 14 айып ұпайы (50,34 сек).

«Бүгін ересектер арасында 2026 жылғы Қазақстан чемпионы атандым. Бұл спортпен айналысып жүргеніме 13 жыл болды. Мен жылқыларды, осы спорттың сұлулығы мен күшін әрқашан жақсы көрдім. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық, аттарды баптадық. Бәрі өте сәтті өтті. Тұлпарым мен үшін барын салды, оған шексіз ризамын. Баршаңызға алғыс айтамын», - деді Дайана Онаева.

«В» тобының қорытындысы 

«В» тобында алматылық Аян Ғани (Quattro VDB) екі күндік маршрутты бірде-бір айып ұпайынсыз аяқтап, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Софи Кожевникова (Kaloubet BH), үшінші орынды Эстелла Бабаян (Таймаз) иеленді.

«В» тобының жүлдегерлері:

1. Аян Ғани (Quattro VDB, «Haragun Stables», Алматы) – 0 айып ұпайы;

2. Софи Кожевникова (Kaloubet BH, «HARAGUN STABLES», Алматы қ.) – 4 айып ұпайы 

3. Эстелла Бабаян (Таймаз, Шымкент ат клубы) – 4 айып ұпайы.