Header Banner

Балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым жоқ: желідегі ақпарат жоққа шығарылды

Бүгін, 12:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым жоқ: желідегі ақпарат жоққа шығарылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Енді Қазақстанда балалар арбасын қоғамдық көлікке кіргізуден бас тартуы мүмкін» деген тақырып Instagram парақшаларының бірінде жарияланды. Жазбада әсіресе қыс мезгілінде емізулі баласы бар ата-аналардың қоғамдық көлікті қалай пайдаланатыны туралы сауал қойылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.

Жарияланым авторлары арбаны тасымалдаудан бас тарту мүмкіндігіне баса назар аударып, ата-аналарға шектеу қойылуы немесе олардың автобусқа мүлде кіре алмауы мүмкін деген түсінік қалыптастырған. Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Көлік министрлігінің түсіндіруінше, 29 қыркүйекте күшіне енген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидалары» балалар арбасымен жүрген ата-аналардың қоғамдық көлікке отыруына тыйым салмайды.

Автобуста жолаушы көп болған жағдайда, ата-ананың отыруына бос орын болса, арбаны бүктеп тасымалдау қажет. Бұл ретте арба басқа жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс.

Министрлікте арбаны бүктеу ата-анаға қолайсыз болса, оны жайылған күйінде алып жүруге болатынын да атап өтті. Мұндай жағдайда айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе басқа да шаралар қолдану қарастырылмаған.

Осылайша, Instagram парақшасының авторлары маңызды жайттарды көрсетпей, ақпаратты біржақты жеткізген. Сонымен қатар жазбада арнайы киім киген қызметкер бейнеленген ЖИ арқылы жасалған сурет пайдаланылған. Бұл жарияланымның әсерін күшейтіп, оқырман назарын аударуға бағытталған.

Бұл - ақпаратты мәнмәтінінен бөліп алып, бұрмалап ұсынудың тағы бір мысалы. Ана мен бала тақырыбының қоғам үшін сезімтал екенін пайдаланып, оқырман назарын аударуға тырысқан. Ал қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау тәртібі туралы мәселе негізсіз қоғамдық наразылық тудыратын себеп ретінде көрсетілген.