Индонезияның Джакарта қаласында өткен FIP Junior Asia Padel Cup 2026 жасөспірімдер арасындағы Азия кубогында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ұлттық құрама сапында елордалық спортшылар Дамир Дүйсенғазин мен Таир Қайретдинов U18 жас санатында өнер көрсетіп, команданың жетістігіне өз үлестерін қосты.
Халықаралық жарысқа ұлдар арасында 17 елдің құрамасы қатысты. Қазақстандық жасөспірімдер Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Оман және Ливан құрамаларын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Кувейт құрамасына есе жіберген отандастарымыз үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде Сауд Арабиясын 2:1 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.

Қазақстан құрамасының сапында алты спортшы өнер көрсетті:
* U14: Әлібек Дүйсенғазин, Ибрагим Рахматуллин;
* U16: Арнұр Тұрсынхан, Ислам Дүйсенғазин;
* U18: Дамир Дүйсенғазин, Таир Қайретдинов.
Жарыстың қорытынды нәтижесі:
1-орын – Иран;
2-орын – Кувейт;
3-орын – Қазақстан.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Азия кубогы екінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы жарыс 2024 жылы Бахрейнде өткен болатын. Қазақстан құрамасы аталған турнирге алғаш рет қатысып, бірден үздік үштікке енді.
Ұлттық құраманы жарысқа бапкерлер Тимур Хабибулин, Әділ Елтаев және Әлішер Сағынов дайындады.
Бұған дейін астаналық параспортшы боччадан әлем кубогында екі медаль жеңіп алды.