Header Banner

Жандос Құдайбергенов: Президент Жолдауында автомобиль жолдарын дамытудың стратегиялық маңызы айқындалды

Жандос Құдайбергенов: Президент Жолдауында автомобиль жолдарын дамытудың стратегиялық маңызы айқындалды
Фото: ҚазАвтоЖол

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және еліміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын географиялық орналасуы халықаралық жүк тасымалындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Бұл ретте республикалық маңызы бар магистральдармен қатар, облыстық және аудандық жолдарды жаңғырту да өзекті. Өйткені жол инфрақұрылымының сапасы экономикалық өсімге ғана емес, өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейіне де тікелей әсер етеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы, институттың Ақтөбе облысы бойынша өкілі Жандос Құдайбергенов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Автомобиль жолдары кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жүйе саналады. Қазақстан аумағының кеңдігі, елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасуы және Еуропа мен Азияны байланыстыратын географиялық жағдайы заманауи, сапалы әрі қауіпсіз жол желісін қалыптастыруды талап етеді.

Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі негізгі құрлықтық көлік көпірлерінің бірі ретінде халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Мәселен, өткен жылы еліміздің аумағы арқылы тасымалданған жүк көлемі 1 млрд тоннадан асты. Сонымен қатар Қазақстан арқылы Еуропа мен Ресейді Оңтүстік Азия және Парсы шығанағы мемлекеттерімен байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік», сондай-ақ Қытай мен Батыс елдері арасындағы «Шығыс – Батыс» халықаралық көлік дәліздері өтеді.

Сондықтан автомобиль жолдарының техникалық жағдайы, өткізу қабілеті мен қауіпсіздік деңгейі еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруда шешуші мәнге ие. Бұл – Қазақстанның жаһандық көлік-логистикалық жүйедегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарттарының бірі», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, Жолдауда көрсетілген автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстары елдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам саналады. Қазіргі уақытта республика бойынша шамамен 13 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделіп жатыр. Бұл ретте халықаралық көлік дәліздерінің құрамына кіретін республикалық маңызы бар жолдарға басымдық берілуі қажет.

Сарапшы атап өткен маңызды жобалардың бірі – «Сексеуіл – Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы. Ұзындығы шамамен 800 шақырым болатын магистраль өңірдің экономикалық және транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобаны іске асыру жергілікті тұрғындар үшін 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға, жол бойындағы инфрақұрылымға 15-20 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс материалдарының 90 пайыздан астамын отандық өнімдер есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Магистраль бойында кемінде бес көпфункционалды қызмет көрсету кешені салынады. Ал Ақтау және Құрық порттарына баратын жол 900-1000 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі үш есе азаяды деп күтілуде. Нәтижесінде жүк ағыны 2,5 есе артып, туристік ағын жыл сайын 30-40 пайызға өсуі мүмкін.

Мұндай жобалардың маңызы тек көлік қатынасын жақсартумен шектелмейді. Олар жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, отандық өндірісті қолдауға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Сонымен қатар жол бойындағы сервистік инфрақұрылымның қалыптасуына жағдай жасап, Қазақстанның халықаралық транзиттік бағыттардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтады», – деп түсіндірді Жандос Құдайбергенов.

Сарапшы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытумен қатар, жергілікті жол желісін жаңғыртуға да жүйелі назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, облыстық, аудандық және ауылішілік жолдар ірі көлік магистральдарына шығуды қамтамасыз ететін бірыңғай инфрақұрылымдық жүйенің ажырамас бөлігі саналады.

Жалпы ұзындығы шамамен 70 мың шақырымды құрайтын жергілікті жолдар елдегі автомобиль жолдары желісінің 74 пайызын қамтиды. Бұл жолдар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары мен күнделікті қажетті тауарлар тасымалданады. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайызға жеткенімен, олардың сапасын одан әрі жақсарту қажеттігі сақталып отыр.

«Жергілікті жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы көлік шығындарын арттырып қана қоймай, жедел медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне де кедергі келтіреді. Сондай-ақ тұрғындардың білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін шектеуі мүмкін.

Керісінше, жергілікті жолдардың сапасын жақсарту тасымалдау уақытын қысқартып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өткізу нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл тауар айналымының ұлғаюына және өңірлердің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етеді. Сондықтан жол саласын қаржыландыру кезінде ірі транзиттік жобалармен қатар, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мен жаңғыртуға да басымдық берілуі керек», – деді ол.

Сарапшының пайымдауынша, автомобиль жолдарын кешенді дамыту республикалық және жергілікті инфрақұрылымды өзара сабақтастықта жаңғыртуды талап етеді. Сапалы магистральдар халықаралық транзиттік байланысты нығайтса, жергілікті жолдар өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетеді. Бұл еліміздің географиялық артықшылығын тиімді пайдалануға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.